Көкшетауда Қопа көлінің жағалауын жөндеуге бөлінген 170 млн теңгені жымқырған шенеуніктер сотталды
Экс-шенеунік пен екі мердігер жымқырылған қаражатты заңдастырып алған.
Көкшетауда Қопа көлі жағалауын жөндеу кезінде 170 млн теңге жымқырған экс-шенеунік пен мердігерлер 9 жылға дейін сотталды.
Ақмола облысы прокуратурасының мәліметінше, 2026 жылғы 20 сәуірде Көкшетау қаласының соты бюджет қаражатын жымқыру туралы қылмыстық іс бойынша үш айыпталушыға қатысты үкім шығарды.
Көкшетау қаласы әкімдігінің ТКШ бөлімінің бұрынғы басшысы, техникалық қадағалау өкілі және мердігер ұйымының басшысы Қылмыстық кодексінің 190-бабының 4-бөлігі (аса ірі мөлшерде алаяқтық), 361-бабының 4-бөлігі (лауазымдық өкілеттіктерді асыра пайдалану) және 218-бабы (қылмыстық жолмен алынған мүлікті заңдастыру (жылыстату) бойынша көзделген қылмыстарды жасағаны үшін кінәлі деп танылды.
Ақмола облысының арнайы прокурорлары жүргізген тергеу барысында 2020 жылы «Қопа» көлі жағалауындағы құрылыс кезінде топ мүшелері 170 млн теңгеден астам бюджет қаражатын жымқырғаны анықталды. Кейіннен жымқырылған қаражат заңдастырылған, - деп хабарлады облыстық прокуратура.
Кінәлі тұлғалардың әрқайсысы сәйкесінше 5 жыл 8 ай, 6 жыл 8 ай және 9 жыл мерзімге бас бостандығынан айыру жазасына сотталды.
Сот үкімі заңды күшіне енген жоқ.
Еске сала кетейіе, Павлодар қаласының прокурорлары халыққа медициналық көмек көрсетуге арналған «Әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры» КЕАҚ-тың бюджет қаражаты мен активтерінің жұмсалуына жүргізілген тексеру барысында жалған қызмет көрсету фактілерін анықтады. Ең сорақысы – ер адамдарға "гинеколог қызметі" көрсетіліп, өлі адамдар "емделген".
Тағы оқи отырыңыздар:
Ақтөбеде лицензиясыз "ломбард" халықты 12 есе жоғары пайызбен қарызға батырған