Көкшетауда мүгедектер үшін 200-ден аса нысан бейімделді
Көкшетау, BAQ.KZ тілшісі. Көкшетауда ерекше қажеттіліктері бар адамдарға қолайлы орта қалыптастыру мақсатында 200-ден аса нысан бейімделді. Бұл туралы қалалық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімінің жетекшісі Қали Ахметов мәлімдеді.
Оның айтуынша, мүгедектер әлеуметтік нысандарға кедергісіз кіруі керек. Жол картасына сәйкес көптеген ұйымдар ғимараттарды қайта жоспарлаған.
200-ден аса әлеуметтік нысан пандустар, тұрақ орындарына белгілер орнатты. Кііру есіктеріне шақыру түймелері, жеке нысандардың баспалдақ аралықтары арнайы таңбалармен белгіленді. Қала аялдамаларында зағиптар мен нашар көретіндерге арналған тактильді жолдар пайда болды, дыбыстық сигналы бар бағдаршамдар, ғимаратқа кіруді жеңілдететін кірме жолдар, арнайы жол белгілері орнатылды,- дейді қалалық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімінің жетекшісі Қали Ахметов.
Бөлім жетекшісі Көкшетау қаласының жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімінің операциялық залында өзіне-өзі қызмет көрсету бұрышы орнатылғанын, онда мүмкіндігі шектеулі адамдар ЭЦҚ болған жадайда әлеуметтік қызметтер порталындағы бір реттік пароль арқылы қызметті пайдалана және ала алатынын атап өтті.
5 бөлімше жалғыз тұратын қарттар мен мүгедектерге үйде әлеуметтік қызмет көрсетеді. Олардың бірі Красный яр ауылында орналасқан. 503 арнаулы әлеуметтік қызмет алушыға қызмет көрсетіледі.
Бүгінгі күні Көкшетау қаласында 5 464 мүгедек тұрады. Біздің негізгі мақсатымыз – мүедектердің өмір спасын жақсарту, қоғам өміріне белсенді тарту үшін жағдай жасау. Биыл мүмкіндігі шектеулі 70 адамды жұмысқа орналастыру жоспарланып отыр. Атап айтқанда, олардың 20-ы квота бойынша, 25-і қоғамдық жұмыстар, жастар практикасы, әлеуметтік жұмыс орындарына, 25-і тұрақты жұмыспен қамтылмақ. Nur Otan партиясының облыстық филиалы, Ақмола облысының кәсіподақ орталығы өкілдерімен бірлесіп, «Көкше тазалық», «Асыл Арман» ЖШС кәсіпорындарында мүгедектерді жұмысқа орналастыру, жұмыс орындары санының 2-4% квотасын сақтау бойынша ақпараттық-түсіндіру жұмыстары жүргізілді. Мүгедектерді оңалту бағдарламасы бойынша 1 650 өтініш берушіге 88,8 млн теңге сомасында әлеуметтік көмек көрсетілді,- дейді Қали Ахметов.
2003 жылдан бастап мүмкіндігі шектеулі балаларға үйде әлеуметтік көмек көрсету бөлімшесі жұмыс істейді. Сонымен қатар, қала әкімдігінің қолдауымен бөлім жанынан «Аялау» орталығы ашылды, онда мүгедек балалардың дамуына және қоршаған ортаға бейімделуіне жағдай жасалған. Қазіргі уақытта онда 25 әлеуметтік қызметкер жұмыс істейді.
Біздің міндетіміз – мүмкіндігі шектеулі жандардың қоршаған ортаға бейімделуі үшін қажетті жаңа білім, дағдыларды қабылдауға дайындығын қамтамасыз ету. Әлеуметтік көмек бөлімшесінің жанынан қысқа мерзімді күндізгі орталық ашылды. Оған аптасына екі рет 60 бала барады. Орталықта барлық жағдай жасалған: оқу сыныбы, тренажерлері бар ойын бөлмесі, көркем қолөнер және қол еңбегімен айналысуға арналған кабинет бар. Балалар табиғи материалдармен жұмыс істеу дағдыларын игереді, тігін машинасында жұмыс істеуді, тағам дайындау, этикетті үйренеді, – деп атап өтті Қали Ахметов.
Оның айтуынша, әлеуметтік қызмет порталы – мүгедектігі бар адамдарға тікелей жеткізушілерден оңалту құралдары мен қызметтерін өз бетінше сатып алу мүмкіндігін, тауарлардың үлкен таңдауын, нарыққа тең қолжетімділікті ұсынатын автоматтандырылған жүйе.
Бізде ерекше қажеттіліктері бар адамдардың қолжетімділігіне инфрақұрылым нысандарының мониторингі мәселелері жөніндегі топ жұмыс істейді. Нысандар бойынша деректер friendlybuilding.kz. порталындағы интерактивті қолжетімділік картасына енгізілді. Кез келген пайдаланушы қызықтыратын нысандарын қарап, өз пікірлерін қалдыра алады. 2025 жылға дейін мүгедектердің қолжетімділігін қамтамасыз ету үшін қаланың 51 нысанын бейімдеу жоспарланып отыр. Биыл мүгедек жандарға қолжетімді 10 нысан іске қосылады деп күтілуде. Облыс орталығында мүмкіндігі шектеулі жандарға арналған 150 орындық оңалту орталығының құрылысы басталады деп күтілуде, – дейді Қали Ахметов.