Қоғамда бізді вакцинацияға мәжбүрледі деген пікір бар. Алайда ол жалған – дәрігер

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Елордалық медицина қызметкерлері де бүгін алғашқылардың бірі болып вакцина қабылдауда. Нұр-Сұлтан қаласының №9 ауруханасында ұйымдастырылған екпе алу пунктіне барып, оларды вакцинациялау процесіне куә болып қайттық.

Аурухананың эпидемиолог дәрігері Майра Рыспаеваның айтуынша, аталмыш пункттен аурухананың өз қызметкерлерінен бөлек, инфекциалық аурухана, №7, №11, №13 емхана және санитарлық-эпидемиолгиялық сала қызметкерлері екпе алатын болады. Әзірге мұнда Спутник V вакцинасының 400 адамға жететін дозасы әкелінді. 





Бүгін №9 аурухананың 25 қызметкері вакцина алатын болады. Ал жалпы осы ұжымның 75 қызметкері вакцина алуға ерікті түрде келісім берген. Өздеріңіз білетіндей, заң бойынша, азаматтарды ешкім де вакцина алуға мәжбүрлей алмайды. Бұл - олардың саналы түрде қабылдаған шешімі. Және медицина қызметкерлері ретінде екпенің қажеттілігі мен оның вирусты жеңудегі рөлін түсінетіндіктері де байқалады. Оның үстіне науқастармен бетпе-бет келетіндіктен өздерін және отбасын осылайша қорғауды жөн деп санады, - дейді ол.

Эпидемиологтың айтуынша, бұл вакцина жасы 18-ден жоғары және 65 жасқа дейінгі азаматтарға егуге рұқсат етілген. Ал жүкті және бала емізетін әйелдерге, аллергиясы бар адамдарға егілмейді. 

Менің жасым 63-те. Өзім вакцина алуға қарсы емеспін. Алғым келеді. Бұл аурудың қаншалықты ауыр екенін өз басымнан өткен соң білемін. Және бір айта кетерлігі, вакцинаны коронавируспен ауырып тұрған жандарға тек алты айдан соң егуге рұқсат. Өзім осы санаттамын. Жедел респираторлық аурулармен ауырғандар дертінен айыққан соң бір аптадан кейін вакцина алса болады, - дейді ол.



Вакцина алмас бұрын азаматтар алдымен дәрігердің тексеруінен өтеді. Өзіміз байқағандай, ол үшін екпе кабинетінің жанында тағы бір кабинетте қабылдау жүріп жатыр.



Мұнда дәрігер вакцина алуға рұқсат береді. Алдымен эпиданамнез жинайды. Қан қысымы, салмағы тексеріледі. Сатурация жасалып, тыныс алу сапасы, демікпесі бар-жоғы анықталады. Дене қызуы өлшеніп, терісінде бөртпелердің болмауы ескеріледі. Тамағы мен бездерін қарайды. Егер осының бәрі  қанағаттанарлық деңгейде болса ғана екпе алуға рұсат беріледі, - деді ол.

Бүгін алғашқылардың бірі болып екпе қабылдаған жандар вакцинаның екінші дозасын 21 күннен кейін алады. 

Оларға вакцинаның бірінші компоненті салынды. Екпе алынған парақшаға келесі келетін күні жазылады. Егер сол мерзімде пациент науқастанып немесе белгілі бір себептермен келе алмаса екінші компонентті алу мерзімі шегеріледі. Алайда ол 28 күннен аспауы тиіс, - деді дәрігер.

Сондай-ақ вакцина алушылар 30 минут мерзімінде ауруханадан ұзап кетпеуі тиіс. Өйткені қандай да бір жағымсыз әсерлер туындаған жағдайда жедел көмек көрсетіледі.

Ондай жағдайға да біз дайындалдық. Барлық құрал әзір тұр. Алайда жарты күнде біраз медицина қызметкері вакцинацияланып үлгерді. Бірде-біреуінен шағым түскен жоқ. Вакцина алған адам үш күн дәрігер бақылауында болады, - деді ол.

Бүгін алғашқылардың бірі болып екпе алған № 9 аурухананың қызметкерлерінің бірін сөзге тарттық.

Өзімді жақсы сезініп тұрмын. Дене қызуының көтерілуі, ауырсыну сияқты белгілер әзірге жоқ. Фильтр кабинетте істегендіктен науқастармен күнде бетпе-бет келемін. Өз денсаулығым және жақындарымның саулығы үшін вакцина қабылдау жөнінде шешім шығардым. Бұл - менің ерікті шешімім. Қоғамда медицина қызметкерлерін мәжбүрледі деген пікір бар екен. Оның жалған екенін айтқым келеді. Туыстарым да екпе алуыма біраз қарсы болды, дегенмен мен медицина қызметкері ретінде қауіпті вирустық ауруларды тек вакцина арқылы жеңетінімізді түсінемін. Вакцина болмағанда шешек сияқты дерттен көз жұму көрсеткіші өте үлкен болар еді. Егер коронавирусты вакцинамен басқара алатын деңгейге жетсек, ол үшін тек қуануымыз керек, - дейді №9 қалалық аурухананың  сүзгі кабинетінің аға дәрігері Қайнар Құрманов.

Медицина қызметкері болмаса да үйдегі түрлі ауыр науқасқа шалдыққандармен  жұмыс істейтін әлеуметтік қызметкер Гүлмира Жакупова да вакцина алу кезегінде тұр. Оның айтуынша, вакцинаға әу басты қарсы болмаған. Ол да мұны ерікті шешім мен қауіпсіздіктің жолы деп біледі.


Айта кетерлігі, ауруханада  ресейлік Спутник V вакцинасын егудің барлық талабы сақталған. Оны минус 18-25 градустан төмен емес температурада сақтауға қажетті тоңазытқыш камералары әкелінді.


Естеріңізге сала кетейік, бүгін елде коронавирусқа қарсы вакцинациялау жұмыстары басталды. Алғашқылардың бірі болып медицина қызметкері ретінде вакцинаны вице-министр қабылдаған болатын.



Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға
Өзгелердің жаңалығы