Кофенің қалдығынан тері жасаймын - жас кәсіпкер
Жас кәсіпкерлерді экологиялық тазалыққа шақыратын сайыс туралы білесіз бе? Оның мақсаты мен ерекшелігі неде? Және Қазақстан үшін бұл жобаның маңызы қандай? EcoBusinessLab жобасының жетекшісі Захира Бегалиева айтып берді, деп жазады BAQ.KZ тілшісі.
Биыл EcoBusinessLab екінші рет ұйымдастырылып отыр. Жобамыздың мақсаты - 20-40 жас аралығындағы жастарды өздерінің кәсіптерін экологиялық түрде таза жасауды үйрету. Яғни, олардың кәсіптері қоршаған ортамызға еш зиянын тигізбеуі тиіс. Әрине, бұл бір күнде жасалатын іс емес, сол себепті ең алдымен біз қатысушылардың сана-сезімін, көзқарасын қалыптастыруға тырыстық. Меніңше, ел азаматтарының әрбірі қоршаған ортамызды қорғауды өзінен бастауы керек. Көп адам оны басқа біреудің, Үкіметтеің жасағанын қалайды, алайда біздің өміріміз өз қолымызда екені анық, - деді Бегалиева.
Бегалиеваның атап өтуінше, EcoBusinessLab-қа 300-ден астам адам қатысуға ниет білдірген. Олар іріктеліп, арасынан 40 адам таңдалған. Қазіргі таңда 32 азамат өз жобаларын қорғап, ақшалай сыйлыққа ие болып отыр.
Бүгін жобамыздың 8 жеңіпазы анықталды. Ең жоғары сыйақы - бір миллион теңге. Олар өз жобаларында экологиямызды жақсартуға арналған бірегей жобаларды ұсынды. Біз жеңімпаздарға гранттар бердік, оны енді 6 ай бойы қадағалап отырамыз. Жалпы, кәсіпкер жұмысын қалай істеп жатыр, қаржыны қалай жұмсағанын біліп отырамыз, - деді жоба жетекшісі.
Жарты жылға жуық білім алып, жобаның арнайы грантын иеленген Шыңғыс Жәкенұлы өзінің бұл жобаға қалай келгенін айтты.
Өзім көптеген сайысқа қатысамын. Сондай бір күні бұл жобаны әлеуметтік желіден көзім шалды. Сайыстарды саралай отырып, қатысам деп шештім. Біз 6 ай бойы кәсіпкерлікпен айналысуды үйрендік. Жалпы, қоршаған ортаны сақтаудан бастап, стартаптарды қалай бастау керек екенін, қандай бағыттарға бет бұру қажет екенін меңгердік, - деді ол.
Ол EcoBusinessLab-тағы идеясымен таныстырды.
Менің ұсынған идеям - кофенің кепкен ұнтағынан тері жасау. Яғни, біз күнделікті кофеханада әзірленіп, қалдық болып қалған ұнтақты пайдаланамыз. Міне, мұны біз өз ісімізде қолданып, тоқыма қалдығымен араластырып одан тері жасаймыз. Әзірше кәсібімді жаңа бастағаннан кейін тек сағат пен білезіктің бауларын жасап көрдім. Бұл ешқандай химиялық қоспа қосылмайтын, экологиялық түрде таза өнім екенін айтқым келеді. Қазіргі терілерге химикат заттар көп қосылып жатыр және де сапасы жағынан тез тозады. Біздің кофемен жасалған терінің ерекшелігі өз қасиетіне байланысты ыстыққа да, суыққа да төзімді болады, - деді Шыңғыс Жәкенұлы.