Кино түсірген 15 адамның қасында 12 аудармашы болды – Ұлттық киноны қолдау орталығы
Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. "Ұлттық киноны қолдау мемлекеттік орталығы" еліміздің кино актерлары мен продюсерлерін және басқа да мамандарын ағылшын тілін оқытуды қолға алып отыр.
Ағылшын тілінің курсы арнайы кино тілімен жүргізіледі. Мұндай қажеттілік Қазақстанның кино әлеміне алаң ұсынғанынан туындап отыр. Бұдан бөлек шетелдік мамандар кино түсіргенде алаңдағы мамандардың әрқайсына дерлік бір аудармашы болады екен.
Біз мамандарымыздың біліктілігін арттыруымыз керек. Қазір біз әлем үшін өзімізді үлкен кино алаң ретінде ұсынып отырсақ, онда бірінші кезекте ағылшын тілін білуіміз керек. 7-8 жыл бұрын "Марко Поло" фильмін түсіргенде қазақстандық топта (киноны түсірген шетелдіктер – авт.) 15 адам болды. Олардың қасында 12 аудармашы жүрді. Кейін осы аудармашылар америкалықтармен бірге Америкаға кетіп қалды. Себебі тіл біледі, шетелде білім алуға мүмкіндік бар деген оймен кетті. Сондықтан қазір біз мемлекеттік орталық жанынан кино тілі бойынша ағылшын тілінің курсын ашамыз. Бұл – бірінші. Екінші – келесі жылы мамандарымызды қайта тарификациялау жүргіземіз. Мұны кино алаңда, әсіресе шетелдік кино түсірілген кезде арнайы тарификация алған мамандар болуы үшін қолға аламыз, - деді "Ұлттық киноны қолдау мемлекеттік орталығы" ҚЕАҚ Басқармасының төрайымы Гүлнәр Сәрсенова Орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифинг барысында.
Сондай-ақ, оның сөзінше, актерлардың да тіл білмеуі олардың жолын байлайды. Кино продюсерлері үшін халықаралық арнайы талаптар, жүйе және құжаттама бар. Мұны Қазақстанда біздің көптеген продюсеріміз білмейді. Сондықтан осы жылы шетелдік компаниялармен біздің продюсерлер үшін арнайы курс өткізіледі.