Кім салық төлемейтін болды? – Жұманғарин түсіндірді
Қазақстанда 16%, 10%, 0% шкаласы бойынша ҚҚС ұсынылды. Салық кодексіне өзгертулер 20 ақпанға дейін парламентке ұсынылады. Бұл туралы Үкімет отырысында Премьер-министрдің орынбасары – Ұлттық экономика министрі Серік Жұманғарин айтты, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
16% базалық мөлшерлеме ұсынылады. Өздеріңіз білетіндей, ҚҚС – бұл бюджетті толықтырудың негізгі көздерінің бірі екенін түсіну маңызды. Мемлекеттік бюджеттің 25%-ы, - деді ол.
ҚҚС мөлшерлемесін арттыру және саралау бюджеттің құбылмалы мұнай кірістеріне тәуелділігін азайтуға, Ұлттық қордың жинақ функциясын күшейтуге және басым Мемлекеттік жобаларды қаржыландыруға мүмкіндік береді.
Біз бұл ретте ауыл шаруашылығы өнімдерін өндірушілерді ҚҚС-дан босатуды ұсынамыз. Қазір шаруа қожалықтары ҚҚС төлемейді. Бұл сақталып қалады. Ауыл шаруашылығы тауарын өндіруші заңды тұлғалар бюджетке төленуге тиіс ҚҚС-ның 30%-ын төлейтін еді. Енді олар төлемейді. Осылайша, Қазақстанда өндірілген барлық өнім (картоп, қызанақ, пияз, қырыққабат және т.б.) бәсекеге неғұрлым қабілетті болады, - деп түсіндірді Жұманғарин.
Ол 10% мөлшерлеме кімдерге қатысты болатынына тоқталды.
Бұл мәселе қосымша талқылауды қажет етеді. Біз денсаулық сақтау саласы үшін төмендетілген мөлшерлемені ұсынамыз. Біз барлық қызмет түрлері бойынша ұсыныстарды жинаймыз, есептеп санаймыз және сіздермен бірге шешеміз. Неліктен саралау тек 10%-ды құрайды? Бұл әкімшілендірудің күрделілігіне байланысты. Ең алдымен сіздер – бизнес үшін. Мөлшерлемелер көп болған кезде – бухгалтерлік есеп күрделене түседі, декларация жасау қиынға соғады. Бұған жол бермеу үшін біз 16%, 10%, 0% және салықтан босатуды ұсынамыз, - дейді Серік Жұманғарин Үкімет отырысында.
Еске сала кетейік, Президент бизнес өкілдерімен кездесуде атап өткендей, мөлшерлеменің жоғарғы шекарасы бойынша шешім нақты есептемелер негізінде және білікті сарапшылардың, кәсіпкерлер мен депутаттардың пікірін ескере отырып қабылдануға тиіс, ал ҚҚС мөлшерлемесі сараланған болуға тиіс екенін айтқан болатын.