Киіктің киесі бар ма?
Бұған дейін елімізде киік санының тым көбейіп кеткені айтылып, осы күзден бастап олардың санын азайтып, реттеу жүргізу қолға алынбақ болған. Әсіресе Батыс Қазақстан облысында киіктер саны 800 мыңға дейін өсіп, ауыл шаруашылығымен айналысатын шаруаларды шығынға батырып жатыр делінген, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Алайда мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев киікті атуға болмайтынын айтып, осы мәселені қозғаған министрге сөгіс берген еді.
Бірақ, бүгін Үкіметте өткен брифингте Экология министрі Серікқали Брекешев бұл мәселе бойынша біржақты шешім қабылданбағанын, алдағы уақытта ақбөкендерді ақылы түрде атуға рұқсат берілуі мүмкін екенін мәлімдеді. Оның сөзінше келесі жылы спорттық және әуесқой аңшылықты ұйымдастыру мәселесі қаралып жатыр.
Киікті қасиетті жануар санайтын халқымыз оны азайтуға наразылық танытқан еді. Қазақ киікті киелі санайды, оның үстіне «киіктің киесі ұрады» дегенді де жиі естиміз. Жалпы киіктің киесі бар ма? Осы сұрақ төңірегінде аңшы, ақын және экология мәселесімен айналысып жүрген азаматтардың пікірін тыңдап көрген едік.
Батыс Қазақстандағы «Эко клуб» мекемесі директорының орынбасары әрі ауыл шаруашылығымен айналысатын Бауыржан Сабанов:
Киік те жануар, оның киесі бар, атуға болмайды деп өзіңді сендірсең расымен де ертең жаман нәрсе болады. Егер азық ретінде пайдалансаң Алла ол үшін сені жазаламайды. Мәселен, жапан далада жалғыз өзің келе жатсың, қарның аш. Жаныңда киіктер жүрсе оны атуға болмайды деп қарап отырасың ба? Мүйізіне бола қырып тастауға болмайды, бірақ қажеттілік туса оны аулауға болады.
Қоғам белсендісі, «Шопан ата» қауымдастығының төрағасы Алмасбек Садырбаев:
Кез келген аңның, жәндіктің киесі бар. Оны бейберекет өлтіруге, атуға болмайды. Аңшылардың өзі 1-2 ғана атады. Сондықтан жануарға қиянат жасамаған жөн. Қазіргідей 100 мыңдап қыруға болмайды. Киіктерді атқанымен де ол мәселе шешілмейді. Біз киіктерді өзге жерге көшіруді, ауыстыруды ұсынамыз. Оралдағы киіктің 50 пайызын Бетпақдалаға әкелу керек. Оралға өзіне тиесілі 300 мыңын қалдырса жеткілікті, қалғанын еліміздің әр жеріне таратсақ жақсы болар еді. Олар өзге мекенге жерсініп, сіңіп кетеді.
Тәуелсіз эколог Сәкен Ділдахмет:
Киіктің киесі бар. Ол жайлы бала кезден естіп өстік. Ән, жырларда да киіктің киесі бары айтылып келді. Мәселен, «Жез киік, біздің жерге қайдан келдің?» деген ән бар. Ол жайында Сәкен Сейфуллиннің де шығарған әні бар. Одан бөлек өзім осы салаға кіріп, жұмыс барысында жыл сайын киіктердің төлдеуін, олардың көшіп-қонуын көзбен көргеннен кейін киіктің табиғаттағы орны ерекше екеніне көз жеткіздім. Әрбір аңның өз киесі бар. Біздің тарихымызда қаншама ауыр кезеңдер өтті, ашаршылық, соғыс өтті. Сол кездерде халықты аман алып қалған осы киік қой. Халық ішерге азық таппай қалғанда киіктің, басқа да жабайы аңдармен күнелтті. Бізде қазақстандық құлан түрі болған. Ашаршылық жылдары халық оны жеді, кейіннен ол табиғаттан мүлдем жойылып кетті. Бертінде құландарды қалпына келтіру үшін Түрікменстаннан әкелдік. Киіктің киесі дегенді қазіргі ұрпақ түсіне бермеуі мүмкін, алайда көшпенді ата-бабамыз табиғатпен етене байланыста болды, сондықтан олар жақсы білді. Қазіргі отырықшы ұрпақтың түсінігі, философиясы оны толықтай жеткізе алмайды.
Киіктерді атпай, Ақтөбе облысына және өзге де аймақтарға көшіруге болады. Ол үшін автомагистрал мен темір жол бойына экодуктарды тұрғызу қажет. Бізде қазір жабайы жануарды қойып үйдің малдары жолдан өте алмайтын жағдайға жетті, жол салғанда соның бәрі ескерілмеген.
Журналист, әуесқой аңшы Ерік Рахым:
Киіктің киесі бар дегенге сенбеймін. Меніңше, кие деген обал жасамау, яғни шетінен қырып, тастап кетпеу. Қай бір жылы жазушы ағамыз арқарлар жайлы повесть жазды. Сонда айтады, «арқарлар келіп суға түсті дейді, содан аңшы аңдып жатып арқардың құлжасын тарс еткізіп атты. Содан пышағын шығарып, құлжаны бауыздайын деп жанына барды. Сол кезде көзі арқардың көзіне түсіп кетіп еді, қолындағы пышағы жерге түсіп, өз сол жерде тілтартпай кетті», -дейді. Бұл енді аңды, оның киесі дегенді білмейтін адамның жазбасы. Аңның киесі деген 220 в тоқ емес қой, тиген жерінде шалқаңнан түсіретін. Кие деген ондай емес, жалпы обал дегенге сенемін. Кез келген жануарды атып, қырып обал жасауға болмайды. Өзім де аңшылыққа шығып тұрамын, арамызда обал жасайтын сондай адамдар бар. Мәселен, таудан 2-3 аң шықса бәрін шетінен атып алады. Оның біреуін ғана алып кете алады, қалғаны далада қалады. Оның дұрыс емес десең, далада ит, құс бар, жеп қояды ғой дейді. Сондай нәрсені түсінбеймін, обал ғой. Ол ертең сол жердің аңын көбейтуге, болашаққа бірдеңе қалдыруға септігін тигізеді ғой.
Бір ағамыз «аңның киесін аяғына түсіріп ат» дейді. Бұл дегеніңіз атайын деп отырған аң сізді білсін, байқасын дегені. Жатқан аңды үстінен ата салмай, ескертіп барып ат дегені.
Ақын, Қазақстан Жазушылар одағы төрағасының бірінші орынбасары Ақберен Елгезек:
Киік - қазақ даласының киесі. Киік - ол Қазақ. Киікті атқаның – қазақты атқаның. Табиғаттағы тепе-теңдікті реттейтін жаратушы Тәңір, адам емес. Ал әгәрәки адам Тәңірінің ісіне араласса, онда оны Құдай тас төбесінен ұрғаны. Қорықпаңдар, далаға киік қаптаса, ол басқа жаққа өзі-ақ шұбырып көшеді. «Мәселені» жауыздықпен шешкен адамның оңғанын көргем жоқ. Киікті қынадай қырған екі адам туралы білемін. Екеуінің де өмірі дұрыс аяқталған жоқ. Ал, егер мемлекет киікті қырам десе, оған да зауал келетіні толықтай аян. Байқаңдар! Ойланыңдар! Құрығанда осыған шешім шығарған адам өз үрім-бұтағын ойласа нетті.
Бірнеше жыл бұрын киік қырылды, оны да саны көбейген соң улап өлтірген болуы мүмкін, деген пікір айтады ақын.
Содан бері біз жетістік пе? Қаншама ауыр жағдайларды бастан өткердік. Қаңтар оқиғасы болды, одан бөлек жан-жақта табиғи құбылыстар болып жатыр. Киікті қырған соң зауал бірден келе қоймайды, біраз уақыттан кейін келеді, бірақ адамдар оны киікті қырумен байланыстырғылары келмейді. Қазір ататын болсақ, алдағы уақытта елімізге тағы да нұқсан келеді. Киіктің ары-бері жүретін жолының барлығы жабылған, олар басқа жаққа көше алмай жатыр. Олар көбейіп, симай жатса басқа жаққа көшеді. Бірақ оған кедергі келтіріп отырған адамдардың өзі. Табиғат бәрін үйлесімділікпен жаратқан, өзі реттеп отырады.
Ел алдында сөз ұстап жүрген азаматтардың пікірі осындай. Қорытынды шығарып, ой елегінен өткізу өз еркіңізде, ойлы оқырман.