Кібісе жыл жаман жыл емес – этнограф
Қолданыстағы күнтізбе бойынша биыл 2024 жыл "Кібісе жыл" деп аталады. Яғни осы жылдағы тәулік саны жылдағыдан бір күнге артық. Бұл жылдың ерекшелігін білу үшін этнограф-ғалым, фольклоршы Болат Бопайұлымен сұхбаттасқан едік, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
- Болат аға, биылғы жыл "кібісе жыл" деп аталады. Түп төркіні қайдан шыққан? Неліктен бұлай аталды?
Қазақ аспан есепшілері Хижра есебін пайдаланып келген. Мұнда аспан айының толу-солуына байланысты және аспан жұлдыздарының орын қозғалысына қатысты тәулік , апталық, айлық , тоқсандық, жылдық, ғасырлық есептеу амалдарын қолданған. Бір тәулік 24 сағат, бір апта 7 күн, бір жылдағы аспан айының толу-солуына, ай жарығының жарық-қараңғылына қарай әр әйды 28-29-30-31 күннен есептеп, 28 күннен бітетін айды "кіші ай", 29-30 күннен бітетін айды "орташа ай", 31 күннен бітетін айды "үлкен ай" деп атаған. Ал әр 3 айды "бір тоқсан" деп есептеп, бір жылдағы 12 айды төрт тоқсан деп есептеген. Наурыз, көкек, мамыр айларын "көк тоқсан", маусым, шілде, тамыз айларын "шілде тоқсан" қыркүйек, қазан, қараша айларын "желді тоқсан", желтоқсан, қаңтар, ақпан айларын "ақ тоқсан" деп есептеген. Бір жыл 12 ай немесе "жыл он екі ай" деп атаған. 100 жылды бір ғасыр деп санаған. Сіз сұрап отырған 4 жылда бір қайталанып келіп отыратын ақпан айын 29 күнге бітуі "кібісе жыл" деп есептелген. Ол аспан айының жердегі адамдарға көрінуіне байланысты аспан шырақтарының орын қозғалысына қатысты есепшілердің айдың ұзақ және қысқа көрінуінен туған қортынды.
- Бұл жылға арналған түрлі ырымдар бар. Сенгеніміз дұрыс па?
Мұнда біз бір ұғымды жақсы түсінуміз керек. Ай мейлі 28-29-30-31 біріне бітсін, жыл 364-365-366 күннен тәмамдалсын, ол жаратылыстың табиғи қозғалысы. Онда ай сайынғы ауа райының 24 амал бойынша өзгерісінде әр жылдағы әр айдағы, әр айдың күндердің орны 3 те 5 күннен тез не кешігіп келуі мүмкін. Ал кібісе жылы ылғи да апат болады, қалған жылдарда керемет деген ұғым жоқ. Алланың жаратқан жарық күндерінің тірі пенде үшін бәрі жақсы күндер. Тосыннан апаттың туылуы ол жылға қарамайды, болатын апат өзінің уақытында болады. Біздің күтуімізше болмайды. Бірақ халықтың ғасырлар бойы зерттеп, өз өмір, уақыт тәжірибесінен қортқан кейбір уақыт есебін ескерудің, кей өтіп жылда туылған апаттың сол жыл оралғанда қайтадан тұспа-тұс келіп қалатын кезеңдері болған. Сондықтан сондай апаттар болып қалмасын деп халық алдын ала сақтанады. Дегенмен "сақ болсаң сақтаймын" демекші сергек болудың еш зияны жоқ. Ал өлердей қорқып кібісе жылы жаман жыл деп қара аспанды төндіру де дұрыс емес. Алланың әр күні, әр аптасы, әр айы, әр жылы тірі пенде үшін сәтті деп таныған жөн.
- Ұлу жылы қандай жыл?
Қазақ аспан есебі бойынша 2024 жыл әлі келе қойған жоқ. Алдағы Наурыз айының 21-22 қараған күн мен түн теңелген күні ұлу жылы кіреді. Ұлы жылы қазақ халқы үшін ұлы жыл болсын. Дана халқымыз кірген жылын да, көрген түсін де жақсылыққа жориды ғой. Жақсы сөз - жарым ырыс. Көр жерді, көрінгенді жаман ырымға балап, жылымызды жұтқа санап, сүлкінімізді түсірмейік. Айтылған сөз - атылған оқ. Күн сәулесі түспеген қараңғылыққа тіл сәулесі түседі. Әз халқым жақсы күнде жарқылдап, ұлу жылы ұлы табыстармен бір-бірімізді сүйіншілеп жүрейік. Бір Аллам, ескі жылдан есіркесін, жаңа жылдан жарқысын. Жылдан есен, айдан аман болайық. Амандық бар жерде жамандық жоқ.
- Сұхбат бергеніңізге рахмет!