21 Шілде 2026, 14:31 Фото: ©BAQ.KZ коллажы

Киберқауіпсіздік бойынша оқыту барлық сала қызметкерлеріне міндеттеледі

Қазақстанда қызметкерлер мен жұмыс берушілердің киберқауіпсіздік талаптарын сақтау және кибермәдениетті арттыру жөніндегі міндеттері бекітілді. Ұйымдар ішкі ережелерді бекітіп, қызметкерлерге оқыту жұмыстарын жүргізуге міндетті болады. Бұл туралы ҚР Жасанды интеллект және цифрлық даму вице-министрі Досжан Мусалиев мәлімдеді, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.

Бұл норма әрбір қызметкердің цифрлық қауіпсіздігін қорғау үшін базалық білім мен дағдыларға ие болуын, сондай-ақ ақпараттық жүйелер мен қызметтік деректерді қауіпсіз пайдалануын қамтамасыз етуге бағытталған. Жұмыс берушілер ішкі ережелер мен регламенттерді бекітіп, қызметкерлерге кибермәдениет мәселелері бойынша оқыту ұйымдастырады, – деді ол.

Тиісті ұсынымдар Ақпараттық қауіпсіздік комитетінің ресми сайтында және электрондық үкімет порталында орналастырылған.

Мемлекеттік органдардың, әкімдіктердің және аса маңызды нысандардың қызметкерлері де киберқауіпсіздік бойынша жыл сайын оқудан өтуі тиіс.

Сонымен қатар цифрлық нысандардың иелеріне өз жүйелерінің киберқауіпсіздік аудитін жыл сайын өткізу міндеттелді. Аса маңызды цифрлық нысандардың иелері аудит нәтижелері туралы есептерді Ақпараттық қауіпсіздік комитетіне жолдауға тиіс болады. Бұған дейін мұндай талап болмаған.

Тәжірибе көрсеткендей, пайдаланушылар өздері цифрлық қауіпсіздік ережелерін сақтамаса, тіпті ең заманауи технологиялардың өзі толық қауіпсіздікті қамтамасыз ете алмайды, – деп атап өтті Досжан Мусалиев.

Азаматтар мен қызметкерлерді оқыту үшін тегін білім беру ресурстары қолжетімді. Олардың қатарында ЮНИСЕФ-пен бірлесіп әзірленген балалар мен ата-аналарға арналған eGov және eGov Mobile платформаларындағы онлайн-курстар, сондай-ақ азаматтар мен мемлекеттік қызметшілерге арналған кибергигиена негіздері бойынша материалдары бар CitizenSec платформасы бар.

Тағы оқи отырыңыз:

Ұялы байланыс күшейткіштерін өз бетінше орнатуға тыйым салынады

Дербес деректердің қауіпсіздігі: Қазақстанда бақылау күшейеді