Халықаралық Армия ойындары әскери дипломатияның жаңа форматы – қорғаныс министрі
Алматы, BAQ.KZ тілшісі. Бұл туралы ҚР қорғаныс министрі Нұрлан Ермекбаев Армия ойындарының ашылу кезінде айтты.
«Осы аралықта бұл ойынның масштабы кеңейіп, маңызды байқауға айнала білді. Биыл бұл ойынға 39 ел қатысып жатыр, оның үстіне сайыстар 10 елдің территориясында өтуде. Ал ойын бағдарламалары 14-тен 32-ге дейін артты. Алдағы уақытта бұл ойындар жаңа сайыс деңгейіне көтеріледі деп сенемін. Біз әскери салада ынтымақтастық пен түрлі елдердің жауынгерлері арасында бауырластық қарым-қатынас орнатуда өз үлесімізді қосып жатқанымызды мәртебе тұтамыз», - деді ол.
Сөз арасында ол ата-бабамыз мықты соғыс тәсілдерін білгенін және оның барлығы әскери жаттығулар кезінде дами түсетінін жеткізді.
«Ұлы даланы мекен еткен көшпенділердің көптеген ұлттық ойындары жауынгерлікке баулиды. Елбасы «Ұлы даланың жеті қыры» атты өзінің мақаласында еліміздің әскери салада жасаған үлкен революциясына жан-жақты тоқталып өткен», - деді министр.
Халықаралық ойындардың үш байқауы біздің елдің территориясында өтіп жатыр. Бұл осымен төртінші рет елімізде өткізіліп отыр.
Сондай-ақ, ойындардың өту барысын Катар, Моңғолия, Үндістан мен Пәкістан елдерінің бақылаушылары қадағалап отыр.
Естеріңізге сала кетейік, бүгін Отар 40-әскери базасында ҚР Қорғаныс министрі Нұрлан Ермекбаевтың қатысуымен Халықаралық Армия-2019 ойындары өтіп жатыр.