Кез келген тілге қарсы шығу – Жаратқанның адамға берген нығметіне қарсы шығумен бірдей – Президент
Президент кез келген тілге қарсы шығу – Жаратқанның адамға берген нығметіне қарсы шығумен бірдей деді. Бұл туралы Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Халықаралық «Қазақ тілі» қоғамының Х құрылтайында айтты.
«Мен Қазақстан Халық Кеңесінің бірінші сессиясында ел бірлігін бекемдейтін ең маңызды фактор – мемлекеттік тіл екенін нақты айттым. Дегенмен мына нәрсені есте ұстаған абзал: Қазақ тілін дамыту – еліміздегі өзге тілдердің дамуына кедергі келтіру емес. Басқаша айтқанда, ана тілімізді басқа тілдерге қарсы қоюға мүлдем болмайды.Тілдерді пайдаланып, қоғамдық жанталас, жанжал жасағысы келетін арандатушылар өте қауіпті істермен айналысып жүр. Сондықтан оларды «Заң мен тәртіп» қағидасына сәйкес жауапкершілікке тарту керек, - деді Мемлекет басшысы.
Қасым-Жомарт Тоқаев бір тілді басқа тілге қарсы қоюға болмайтынын айтты.
Осы жерде тағы да қайталап айтқым келеді: кез келген тілге қарсы шығу – Жаратқанның адамға берген нығметіне қарсы шығумен бірдей. Бір тілді басқа тілге қарсы қоюға болмайды. Бұл – үлкен күнә. Оның салдарын өз көзімізбен көріп жатырмыз. Біз қазақ тілін ең алдымен бірлік пен ынтымақ тілі ретінде дамытуымыз керек. Ана тіліміз жаһан жұртшылығына тартымды тіл болуы керек. Біртұтас халқымызды бөліп-жаруға мүлдем болмайды. Өз тұтастығын сақтай алмаған халық басқаларға үлгі-өнеге көрсете алмайды, басқа елдердің құрметіне ешқашан ие болмайды. «Бірлік бар жерде тірлік бар», бұл – өмірдің талай сынағынан өткен ақиқат. Біз бір-бірімізге құрмет көрсетіп, өзара сыйластықпен қарап, ынтымағымызды нығайта беруіміз қажет», - деді Тоқаев.
Айта кетейік, бұған дейін Мемлекет басшысы Халықаралық «Қазақ тілі» қоғамының Х құрылтайында сөз сөйледі.
Президент тіл – Алланың құдіретінің арқасында адамдарға берілген үлкен сый әрі мүмкіндік екенін атап өтті.
Сондай-ақ, Мемлекет басшысы Халқымыздың темірқазығына айналған қастерлі құжат – Конституциямызды қабылдағанымызға ерекше тоқталды.
Жаңа Конституция кәсіби тұрғыдан өте сапалы дайындалған құжат екенін айтты. Қазақ тілі Тәуелсіздігіміздің мызғымас символы екенін атап өтті.
Сонымен қатар, биыл Қазақстанда түсірілген 71 фильмнің 63-і ана тілімізде жарыққа шыққаны айтылды.
Мемлекет басшысы ана тілімізді басқа тілдерге қарсы қоюға мүлдем болмайтынын да жеткізді.
Қасым-Жомарт Тоқаев қазақ елі барда қазақ тілі тұғырдан түспейтінін айтты.
Халқымыздың өшпес мұрасы мен рухани байлығы қағаз бетінде емес, цифрлық кеңістікте сақталуға тиіс екенін де ескертті.
Президент қазақ тілі орфографиясын ретке келтіру жұмысын келесі жылдың соңына дейін аяқтауды тапсырды.
Мемлекет басшысы дінге қатысты көне сөздеріміздің орнына араб сөздерін жиі қолдану сән болып кеткеніне тоқталып өтті.
Қазақ тілін БҰҰ-ның ресми тілдерімен жалғайтын сөздіктер әзірленеді.
Президент цифрлық кеңістікте қазақ тіліндегі сапалы әрі тартымды өнімдерді көбейту қажеттігін айтты.
Қасым-Жомарт Тоқаев қазақ тілін тез әрі оңай үйренуге мүмкіндік беретін цифрлық оқу құралдарын әзірлеу қажет екенін жеткізді.