ТЖ-дан кейінгі жағдай. Елорда саябағынан фоторепортаж

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. 11 мамырда елімізде төтенше жағдай режимі аяқталды. Дегенмен індеттің халық арасында таралуының алдын алу мақсатында бірнеше аймақта карантин нормалары сақталды.


11 мамырда мемлекет басшысы халыққа Үндеу жолдады. Үндеуде еліміз індеттің шарықтау шегінен өткенін және соңғы екі ай еліміз үшін оңай болмағанын, дағдарыс әлі толық еңсерілмегенін айтты. Сондай-ақ, төтенше жағдай режимін қамтамасыз ету жөніндегі мемлекеттік комиссия атқарған ауқымды жұмысы туралы да айта кетті.


Сонымен қатар, апта басында ҚР Бас санитариялық дәрігері Айжан Есмағамбетова коронавирустық инфекцияның алдын алу жөніндегі шараларды одан әрі күшейту туралы жаңа қаулы қабылдады.


Осы ретте бас қалада мемлекеттік комиссияның қорытындысы бойынша кәсіпорындар, саябақтар мен түрлі жұмыс орындары жұмыстарына қайта кірісе бастады.

Baq.kz редакциясы қала тынысымен танысып, "Астаналық" паркінде демалып жүрген елорда тұрғындары мен қонақтарын сөзге тартып, 2 ай карантинде немен айналысқандарын біліп қайтты.


Қала тұрғыны Айнұрдың айтуынша, ол карантин кезінде жұмыс істеген. Жұмыс орнында карантин нормалары сақталған.

Елордада дүкенде кассада жұмыс істеймін. Төтенше жағдай енгізілгенімен біз жұмыс істей бердік. Барлық карантин нормасын сақтай отырып, күнделікті таңғы 10-нан кешкі 20.00-ге дейін жұмысымыз жалғасты. Басшылық өздері қызметкерлерді маскамен, қолғаппен қамтамасыз етіп отырды. Дүкенге келушілерді кезекпен және дене қызуын тексеріп кіргізіп, жиі дезинфекция жасап тұрдық. Бүгін автобус жүргендіктен, саябаққа бой жазып қайтуға келдім, - дейді ол.


Қала тұрғынының айтуынша, саябақта кездестірген демалушылардың көбі маскасыз жүр. Дегенмен сақтанған жөн екенін де айтты.

Әлі де қаладағы дүкендер таңғы 10.00-ден кешкі 20.00-ге дейін жұмыс істеуде.


Бас санитар қаулысы бойынша ойын-сауық, спорттық және басқа да бұқаралық іс-шараларды, сондай-ақ отбасылық, еске алу іс-шараларын өткізуге тыйым салынды.

Одан басқа ойын-сауық орталықтары, кинотеатрлар сынды халық көп шоғырланатын жерлердің жұмысы да тоқтап тұр.


Тұрғындардың айтуынша, масканы мінетті түрде киіп, сақтанып жүру керек.

Паркте адам саны көп болмаса да, біз кездестіргендердің арасында жасы да кәрісі де, кішкентай балалар да бар.


Бірі велосипед теуіп жүрсе, кейбірі самокат, ролик теуіп, қыдырып жүр.


Олардың арасында спортшылар да аз емес. Саябақтың бір бөлігінде велосипед тебушілерге арналған арнайы жолақ бар.


Сабақтан қолы босаған оқушылар, студенттер 2-3 адам болып жиналып, ән айтып, емін-еркін таза ауада тыныстап отыр.


Саёра және Ева есімді №15 мектеп-лицейдің 8-сынып оқушыларын кезіктірдік. Олардың айтуынша, қашықтан оқу соншалықты қиын болмаған.

Қашықтан оқудан қатты қиналмадық. Біз екінші ауысыммен оқыдық. Еларнадан сабақтарды қарап, кейін оны мұғалімдермен бірге талқылап, оқыдық. Қосымша онлайн курстарға қатыстық. Түсінбеген сұрақтарымызды оқытушылардан қайталап сұрап отырдық. Тек үйде отырып, достарымызды сағындық, - дейді олар.


"Астаналық" паркінде атракциондар құрылып, жазғы мезгілге дайындалып жатыр.


Бұл қаладағы ең үлкен әрі орталықтағы саябақ болғандықтан, жазда мұнда демалушылар саны әлбетте көп болады.


Есіл жағасынан паркке өтетін "Атырау көпірі" де қаланың ең көрікті жерлерінің бірі. Өздеріңіз білетіндей, көпірді Атырау облысы қаланың 20 жылдығына салып берген болатын.


Елордалық Аслан есімді тұрғын карантинде бос жатпай, кітап оқығанын айтты.

Мен зауытта жұмыс істеймін. Бірақ карантин кезінде жұмыс тоқтап, үйде отыруға тура келді. 42 500 теңгеге өтініш беріп едім, белгілі бір себептермен өтінішім өтпеді. Карантинде түрлі фильмдер көріп, бос жатпай, кітап оқыдым. "Абай жолы" романын бұрын бастап едім, 3-томын қайта бастап оқыдым және Әзілхан Нұршайықов атамыздың "Махаббат, қызық мол жылдар" романын оқып бітірдім, - деді ол.


Естеріңізде болса, 30 наурыздан бастап қоғамдық көліктер қозғалысы тоқтаған еді. Алайда 12 сәуірде барлық санитарлық талаптарды сақтай отырып, автобустар іске қосылды. Әзірше таңғы сағат 7.00-ден кешкі 21.00-ге дейін қозғалыстарын жалғастырады.


Видеодан саябақта тыныстап, спортпен шұғылданып жүрген жастарды, кішкентайларымен қыдырып жүрген ата-аналарды көруге болады.


Бүған дейін төтенше жағдай кезіндегі елордадан бірнеше фоторепортаж ұсынған болатынбыз.

Карантин. Астана. Бағдаршамның жасыл түсі жанды, өтетін біреу бар ма?

НҰР-СҰЛТАН. Бас қала қатаң карантинде, 22-күннен фоторепортаж

Елорда. Карантиндегі көктемгі көшелер.

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға

Фото: Артём Чурсинов
Видео: Шыңғыс ҚАППАРОВ
Өзгелердің жаңалығы