Кеше қателесіппін: Олег Крук Екібастұздағы ЖЭО-ның қалпына келтіру жұмыстары туралы айтты
Бұл туралы Павлодар облысы әкімінің уақытша міндетін атқарушы Олег Крук жедел штабтың Екібастұз қаласын жылумен қамту бойынша қазіргі жағдайына қатысты өткен баспасөз мәслихатында мәлімдеді, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Айтуынша, қазіргі сәтте сыртқы ауа температурасы -20 градусты құрап отыр.
Барлық көпқабатты тұрғынүйлердің жылу торааптарына жылу тасымалдағыш берілді. Бұл дегеніміз – ЖЭО беретін ыстық су кварталішілік желілер арқылы магистралдық желілерге еніп, үйдің орталық жылу торабына түседі деген сөз. Осы орталық жылу торабынан пәтерлерге барлық жылу тасымалдағыш жылу таратады. Былайша айтқанда, жертөледе жылу тасымалдағыш – ЖЭО қыздыратын ыстық су қызатын жылу торабы бар. Осы жердегі жылу торабынан батареяларға жылу беріледі. Сондықтан мен кеше көпқабатты тұрғынүйлердің барлық жылу тораптарына жылу тасымалдағыш берілді деп қателесіп айтыппын, - деп түсіндірді облыс әкімінің уақытша міндетін атқарушы.
Белгілі болғандай, қазіргі уақытта 12 үйге ішінара жылу беріліп, батареяларды орнату жұмыстары жүргізіліп жатыр.
Екі мыңдай батарея орнатылды. Қоймада 4 мың батарея бар. Сәтпаев, 8 мекенжайындағы, 3, 4, 5, 6 корпуста, Мәшһүр Жүсіп 52 көшесіндегі 3, 4, 5, 6 корпустарға, Мәшһүр Жүсіп 55, Мәшһүр Жүсіп 46, Мәшһүр Жүсіп 46 А, Момышұлы 58 көшелеріндегі үйлерге батарея орнату мен тіреушелерді монтаждау жұмыстары жүргізіліп жатыр. Жөндеу-қалпына келтіру жұмыстарына 851 адам жұмылдырылды, - деп нақтылады Олег Крук.
Еске сала кетейік, 27 қараша күні Екібастұз қаласындағы жылу-электр орталығында орын алған апат салдарынан қала жылусыз және ыстық сусыз қалған еді.
28 қараша күні қалада ТЖ режімі жарияланды.
Бұған дейін Екібастұз қаласының әкімі Аян Бейсекин қалада 1200-дей отбасының жылусыз отырғанын айтқан болатын.