Бүгiн 2026, 12:36 Фото: ©BAQ.KZ архиві/Артем Чурсинов

Кеңсе пышағын алып келген: Балабақшада пышақ ұстап жүрген бала тәрбиешінің ұлы болып шықты

Маңғыстау облысында кеңсе пышағын ұстаған бала балабақша тәрбиеленушілерін қорқытқан.

Әлеуметтік желілерде Маңғыстаудағы ауылдық балабақшалардың бірінде 6 жасар баланың қалтасына кеңсе пышағын салып жүргені, өзге балаларды ұрып-соғып, қоқан-лоққы көрсететіні туралы анасының мәлімдемесі мен видеосы тараған болатын.

Осыған байланысты полиция қызметкерлері тексеріс жүргізді.

Маңғыстау облыстық полиция департаментінің мәліметінше, аталған баланың балабақша тәрбиеленушісі емес екені анықталды.

Аталған бейнежазба бойынша тексеріс жүргізілді. 6 жасар баланың бұл балабақшаның тәрбиеленушісі емес екені анықталды. Ол анасының жұмыс орнында болған. Орын алған жағдайға байланысты баланың анасына қатысты тәрбиелеу жөніндегі міндеттерін орындамау дерегі бойынша әкімшілік іс қозғалды. Оқиға салдарынан зардап шеккендер жоқ. Сонымен қатар, полиция аталған мекеменің қызметіне тексеру жүргізу үшін уәкілетті органдарға ұсыныс жолдады, – деп атап өтті полиция өкілдері.

Бұдан бөлек, құқық қорғау органдары аталған мекеменің қызметін тексеру үшін уәкілетті органдарға ұсыныс жолдады.

Бұған дейін әлеуметтік желіде жарияланған видеода баланың ұйықтау уақытында басқа балаларға жақындап келгені көрінеді. Кадрларда ол қалтасынан бір затты шығарып, балалардың бірінің бетінен жүргізіп өтеді де, қаша жөнеледі.

Анасының айтуынша, балабақша басшылығы ескертулерге құлақ аспаған.

Маңғыстау облыстық білім басқармасы бұл факт бойынша арнайы комиссия құрылғанын және тексеріс жүргізілетінін мәлімдеді.

Еске салайық, бұған дейін Маңғыстауда балабақшада жанжал шыққан болатын. 

Тағы оқи отырыңыздар:

Атыраудағы балабақшада балаға шкаф құлаған: Тәрбиешілер жазаланды

Балабақшаны таңдау ата-аналардың еркіне беріледі

Буллинг: Балабақша мен колледждерде медиация қызметі енгізіледі