17 Қыркүйек 2026, 10:48 Фото: ©BAQ.KZ архиві/Арман Мухатов

Келесі жылы республикалық бюджет кірісі 19,9 трлн теңгеге жетпек

Ұлттық экономика вице-министрі Азамат Әмрин 2027-2029 жылдарға арналған бюджет пен Ұлттық қор параметрлерінің болжамын таныстырды, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.

Оның айтуынша, бюджет пен Ұлттық қор параметрлерінің болжамы макроэкономикалық көрсеткіштердің болжамы негізінде қалыптастырылған.

Бюджетті болжау 2030 жылға дейінгі мемлекеттік қаржыны басқару тұжырымдамасында белгіленген бюджет қағидалары мен нысаналы бағдарларға негізделді. Республикалық бюджет кірістерінің болжамын есептеу кезінде өткен жылғы нақты атқарылуы және ағымдағы жылдың 7 айының қорытындысы бойынша бағалау база ретінде алынды, – деді Азамат Әмрин.

Бюджет кірісі 2,8 трлн теңгеге өседі

Вице-министрдің сөзінше, республикалық бюджет кірістері 2027 жылы 19,9 трлн теңге көлемінде немесе жалпы ішкі өнімге қатысты 10,0 пайыз деңгейінде болжанып отыр.

Кірістер 2027 жылы 19,9 трлн теңге көлемінде немесе жалпы ішкі өнімге қатысты 10,0 пайыз деңгейінде болжануда. Ағымдағы жылғы бағалаумен салыстырғанда 2,8 трлн теңгеге өседі, – дейді ол.

Кірістердің негізгі ұлғаюы мына факторлар есебінен болжанады:

  • экономиканың өсуі – 1,6 трлн теңге;
  • Қосалқы құн салығын қайтару сомаларының төмендеуі – 1,1 трлн теңге;
  • басқа да факторлар – 0,5 трлн теңге.

Сонымен қатар, кірістердің 0,5 трлн теңгеге төмендеуі күтіледі, – деп түйіндеді Азамат Әмрин.

Еске сала кетейік, Ұлттық экономика бірінші вице-министрі Азамат Әмрин еліміздің 2027-2029 жылдарға арналған әлеуметтік-экономикалық даму болжамын ұсынды.

Ал 2027 жылы инфляция 7,5-9,5 пайыз деңгейінде  болжанып отыр. Экономиканың өсу драйверлерінің бірі ауыл шаруашылығы болмақ.