Келесі жылы дәрігерлердің жалақысына қанша теңге қосылатыны белгілі болды
Бұл туралы Денсаулық сақтау министрі Ажар Ғиният Сенаттағы Үкімет сағатында мәлімдеді, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Айтуынша, кадр мәселесі, ерекше орында тұр.
Республика бойынша кадрлар тапшылығы бар. 2021 жылы 3050 жас түлек жұмысқа орналастыруға жіберілді. Оның 630-ы – ауылдық елдімекендерде. Ал биыл 1872 жас түлектің 444-і ауылдарға жіберілді. 2023 жылы жоспарланған оқу бітіретін түлек 11 мыңнан асады. 2022 жылы жалақы келесідей ұлғайды: дәрігерлерге орташа есеппен – 30%-ға, яғни 421 мың теңгеге; орташа медицина қызметкеріне – 20%-ға, 235 мың теңгеге жетті, - деді ведомство басшысы.
Сонымен қатар министр келесі жылдан бастап дәрігерлер қауымының жалақысы қанша теңгеге көбейетініне тоқталып өтті.
Ал келесі 2023 жылы дәрігерлерге жалақыны орта есеппен 531 мың теңгеге дейін, орта медицина қызметкеріне 250 мың теңгеге дейін көтеру жоспарланып отыр, - деді Ажар Ғиният.
Еске сала кетейік, бұған дейін ведомство басшысы жыл сайын 14 мыңнан астам адам онкологиядан қайтыс болатыны туралы айтқан болатын. Белгілі болғандай, жыл сайын елімізде 35 мыңнан астам адам қатерлі індетке шалдығады. Ал Д есепте 20 мың қазақстандық тұр. Онкологиядан болатын өлім-жітім көбейіп, үшінші орында тұр.