"Казспецэкспорт" ісі: 1,6 млрд теңге жымқырғандар ұзақ мерзімге сотталды

Астанада резонанс тудырған "Казспецэкспорт" ісі бойынша сот үкімі шықты. 1,6 млрд теңге жымқырған бас директор 11 жылға сотталды. Мемлекетке келтірілген шығын өндірілді, 607 млн теңге мүлік тәркіленді, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.

Астана қаласының мамандандырылған ауданаралық қылмыстық істер жөніндегі соты мемлекеттік қорғаныс тапсырысы саласындағы қаражат жымқыру дерегі бойынша резонанстық істі қарауды аяқтады.

Еске салайық, 2023 жылы Қаржылық мониторинг агенттігі "Казспецэкспорт" РМК-ның лауазымды тұлғалары мен теріс пиғылды жеткізушілерін ұстап, әскери мақсаттағы өнімдерді сатып алуға бөлінген бюджет қаражатын жымқырды деген және сыбайлас жемқорлық деректері бойынша айып тағылған болатын.

Мемлекетке келтірілген залал 1,6 млрд теңгеден асты.

Сот үкімімен "Казспецэкспорт" РМК бас директоры Рамазанов А.К. 11 жылға бас бостандығынан айырылды, ал кәсіпорынның департамент директоры Кудабаев А.Т. – 10 жылға сотталды. Қалған 9 айыпталушы да әртүрлі мерзімге бас бостандығынан айырылды, - деп хабарлады ҚМА.

Сонымен қатар, сот мемлекет пайдасына 1,6 млрд теңге көлеміндегі азаматтық талап-арызды қанағаттандырып, жалпы құны 607 млн теңге болатын мүлікті тәркіледі.

Үкім заңды күшіне енген жоқ.

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға
Өзгелердің жаңалығы