Қазандағы қантөгіс өзгеге сабақ бола ма?

 

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Бейбіт күнде жазықсыз жандар қыршынынан қиылған Қазандағы оқиғаның орын алғанына да бір ай өтті. 11 мамыр күні №175 мектептің түлегі өзі оқыған білім ордасына барып, қанды қырғын ұйымдастырғаны белгілі. Салдарынан бірнеше оқушы мен 2 мұғалім ажал құшып, тағы ондаған оқушы жараланған болатын. Талайдың төбе шашын тік тұрғызған оқиға қоғамдағы сыздап тұрған олқылықтардың аузын тырнап өтті.

Сонымен...

Қаннен-қаперсіз күнделікті өмірін сүріп жатқан қаланы қас пен көздің арасында дүрліктірген бозбаланың кімнен ала алмаған өші бар?! Өзі оқыған гимназияны жайпағысы келсе, не үшін үйінен шығарда пәтеріне жарылыс қояды? Кімге өкпелі, қоғамға ма, әлде...?   

Буллинг жасаған адам жаман, бірақ буллингке ұшыраған адам одан да қауіпті

 

Ержан Мырзабаев, психолог:

 

– Бұрын-соңды да мұндай жайттар болды. Жаңа Зеландияда, Еуропада, Америкада орын алды деп еститінбіз. Бірақ бұл оқиғалар қаншалықты ауыр тисе де, оларға біз үшін алыста, біздің күнделікті өмірімізге кіре бермейтін деректер ретінде қарағанбыз. Көрші елде осындай оқиғаның орын алғанын естіген кезде бұл мәселенің бізге қаншалықты жақын екенін байқадық. Мектепке келіп оқ атқан бала үндемей, тыныш қана жүретін, ешкімге өз ойын, ашуын білдірмейтін, төбелеске жақын емес бала болған. Бірақ сыныптастары, қатарластары тарапынан осы балаға бұрын қысым көрсетілгені айтылып жатыр. Бұдан буллинг, яғни жәбірлеу, балалар арасындағы зорлық-зомбылықтың арты неге әкелетіндігін көріп отырмыз. Демек, ашық агрессиядан гөрі жабық агрессия әлдеқайда қауіпті. Буллинг жасаған адам жаман, бірақ буллингке ұшыраған адам одан да қауіпті. Олар іште сақталған кекті кімге, қашан, қалай шығаратынын сіз білмейсіз. Бомба сияқты ешкім күтпеген сәтте жарылуы мүмкін. Мұндай жағдай біздің басымызға келмес үшін баланың әрбір шағымын, әрбір сөзін мұқият тыңдау керек. Қысым көрсетудің белгілері байқалған сәтте дереу сөйлесіп, баланы қорғауымыз орынды. «Сен жігітсің, өзің шеш», «Неге үндемей тұрсың, ол ұрса, сен де ұр» деген сияқты баланың өзін әрекетке итермелеу дұрыс емес. Оқиға мектепте болса, директорды, сынып жетекшісін бәрін жинап жиналыс жасап, жауапкершілікке тартып, проблеманы шешуге атсалысуымыз керек. Өйткені сіз балаға «проблеманы өзің шеш» дегенде, ол шамасы жетпегендіктен пышақ, қару алып, барынша зиян келтіруге тырысады. Пассивті-агрессивті кісілер буллингке барынша шыдамды болады. Арада жылдар өткен соң ішіндегі кекті шығарады. Маньяктарға қарасаңыз да отбасында жәбір көрген балалар ата-анасына, өзін ренжіткен адамдарға ұқсайтын жандарға зиян келтіреді. Бұл оқиға да сол буллингтің «жемісі».

Ата-ана тарапынан мұндай жағдайларда «мектептердің алдындағы күзетті күшейтейік», «мектепке ешкім кіріп-шықпайтындай қылайық» деген секілді айқай-шуды күшейтудің қажеті жоқ. Менің ойымша, бұл әрекеттердің ешқайсысы дұрыс емес. Бұл 100% балаларымызды қорғай алмайды. Балаларды біз қорғай аламыз. Мұндай оқиғаның қайталану ықтималы миллионда бір кездесетін жайт. Күнделікті бейбіт өмірде балаға одан да жиі қауіптің төніп жатқанын ескеруіміз керек.

Айқай-шуға берілмеген дұрыс. Өйткені, ата-ананың бойындағы эмоционалды хал балаларға тікелей беріледі. Өзін қауіпсіз сезінбейтін болса, сабаққа бейімделе алмау, депрессия, қорқу сезімі пайда болуы мүмкін.

Жалпы мектеп ішіндегі рухани тәрбие, ұлттық-патриоттық, адамгершілік құндылықтар, толеранттылық сияқты дүниелерді енгізу керек. Балалардың бір-бірін сыйлап, құрметтеуі сынды әрекеттерді дәріптеу арқылы осындай оқиғалардың алдын алуға болады.

Күнделікті баламен жиі уақыт өткізіп, олардың ойын, пікірін тыңдай білейік.

Қандай да бір сектаның жетегінде кетуі де мүмкін бе?! Олай болмаса, неге өзін «құдаймын» деді?

Бұл оқиғаға компьютерлік ойындар себеп болуы мүмкін

Ерғали Зайтханұлы, теолог маман:

– Дінтанушы маман ретінде бұл оқиғаны зерттеп, талдау жасауға тырыстым. Өзін «құдаймын» деуі бастапқыда сектаға кіріп кетуі мүмкін деген күдікті үдеткені рас. Алайда бұл әлі зерттелетін жайт. «Шайтанға табынушылар» (сатанизм сектасы) іспеттес секталардың жетегінде кетуі мүмкін деп те айтылды. Ондай секталардың әдетте өз араларынан біреуді құрбандыққа шалатын рәсімдері бар немесе адамды өз-өзіне қол салуға дейін жеткізеді.

Маман ретіндегі өз пікірімді айтсам, осы оқиғаға компьютерлік ойындар себеп болды деп ойлаймын. Атыс-шабыс, төбелесті насихаттайтын ойындар қоғамға үлкен кесірін тигізіп отыр. Ойнаған адамның санасына, жүйке жүйесіне келтірер зияны айтпаса да түсінікті. Зұлымдық, қан төгіс ойындарын ойнап, күні-түні әлеуметтік желілерден шықпай, көзінің құртын өлтірген еліктегіш жастар соны қайталағысы келіп тұрады. Алды кішігірім бұзақылықтан басталса, арты осындай қайғылы оқиғаларға ұласатыны бар. Сондықтан үйде әр ата-ана баласының бос уақытында немен айналысатынын, телефонда не істеп отырғанын қадағалаулары тиіс. Балаға тым еркіндік беріп қоюға болмайды. Оның әрбір әрекетін, кіммен араласатынын, қолы боста не істейтіндігін біліп отырған жөн.

 

Тағы бір дереккөздерден белгілі болғандай, оқиғаның басты фигуранты миына зақым келгені туралы денсаулығында кінәрат болса да, 2018 жылы әскерде борышын өтеуге жарамды деп танылыпты. Мәселен, қару-жарақ ұстауға рұқсат алғанда да әдетте дәрігерлік анықтаманы сатып алатындар жеткілікті. Соңы осындай қайғылы жағдайларға алып келетіні өкінішті...

Бұл да қоғамдағы дерттердің бірі

Ләззат Ахатова, заңгер:

– Бұл мәселе өте өзекті. Әсіресе, медициналық анықтама беруге келгенде «бармақ басты, көз қысты» жағдайлар көптеп орын алады. Сот істерінде де, қылмыстық істерде де ұшырасып жатады. Қылмыстық заңда көрсетілгендей, қылмыстың құрамы түгел болуы үшін адамның есі дұрыс болуы керек. Олай болмаса, қылмыстық жауапкершіліктен құтылып кетеді. Қылмыс жасағандар арасында тамыр-таныспен есі дұрыс емес сынды анықтамалар алатын жайттар кеңінен кездеседі. Жемқорлық жайлаған қоғамның бір көрінісі осы.

Бұл сұмдық оқиғаның астарында да көптеген шикіліктер жатыр деп ойлаймын. Орын алған оқиғаны өзім зерттемегеннен кейін ашылып ештеңе айта алмаймын. Бірақ бұл да қоғамдағы дерттердің бірі деген пікірдемін.

«Жаман айтпай, жақсы жоқ». Әгәрәки, оқыс жайттар орын ала қалған жағдайда қайтпек керек?! Оқушылар қарапайым қауіпсіздік ережелерін біле ме?

Күзет қызметінің міндеті – сырттан қосымша күш шақыру

Ерлан Мансұров, алғашқы әскери дайындық пәнінің мұғалімі:

– Қазан қаласында болған жағдай терактіге ұқсайды. Адамның іс-әрекетінен қауіп төнгендіктен осындай жағдайда оқушылар түгілі, ересек адамдар, ұстаздардың өздері не істерін білмей қалады. Ең алдымен, барынша сабыр сақтап, жағдайды бақылауға алған абзал. Оқушыларға, мұғалімдерге бүлікшіге қарсы шықпай, тығылып, есіктерді жауып, қауіпсіз жерлерде жасырына тұру керек. Өз күштерімен шығып кетуге тырысу да қауіпті, себебі қылмыскер алдынан шығып қалуы мүмкін. Күзет қызметінің міндеті – сырттан қосымша күш шақыру. Іштегі адамдар ұсталып қалған жағдайда онымен ерегеспей, қосымша көмек келгенше айтқанына көнген кейіп танытқаны дұрыс.

Жалпы жыл сайын Азаматтық қорғаныс күніне орай бір күнді арнайы белгілеп, кез келген мекемеде эвакуациялау жұмыстарына арналған жаттығу іс-шаралары өткізіледі. Осы арқылы оқушыларды қандай да бір қауіп төнген уақытта қалай әрекет етуге үйретеміз.

P.S.: Айтулы оқиғадан соң еліміздің Білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетов балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету бойынша барлық деңгейлерде, қосымша кешенді шаралар қабылдайтындығын жеткізді. Материал дайындау барысында қауіпсіздік деңгейі білмекке елордамыздағы бірнеше білім ошағына бас сұқтық. Жалпы білім беретін мектептердің тыныштығын күзететін күзетшілердің басым көпшілігі – орта жастан асқандар. Мұның себебін сұрағанымызда, «жалақы аз болғандықтан жастар күзетте істемейді» деген жауап алдық. Ал жекеменшік оқу ордаларындағы әңгіме керісінше, ол жақта тәртіп темірдей. Есіктің алдынан ғана тілдестік.

Қанды оқиға ТМД елдерінің аумағында ғана емес, әлемдік БАҚ-та да үлкен резонанс тудырды.

Ресейдегі мектепте болған атыстан 7 оқушы мен 2 қызметкер қаза тапты. Президент Владимир Путин азаматтық тұлғалардың қару-жарақ сатып алуына қатысты Ресей заңдарын қатаңдатуға бұйрық берді, деп жазды The New York Times.

Оқиғаны ұйымдастырған «лаңкес» дей келе, «Ол 19 жаста. Оның атына қару тіркелген. Өзге жақтастары анықталмады, тергеу жүргізілуде» деп хабарлады   USA Today.

«Ресейдің Қазан қаласындағы мектепте 9 адам қайтыс болды. 32 адам жарақат алып, ауруханаға жеткізілді» деді China Daily.

«Мемлекеттік телеарнадан күдікті – беліне дейін жалаңаш жігіт тергеуге жауап беріп жатқаны көрсетілді. Бейнероликтен ол өзінің «құдай» екенін түсініп, бәрін жек көре бастағаны айтылады.

Бұл жағдай 2018 жылдан бері Ресейде орын алған қанды оқиғалардың ең ірісі. Сол жылы Қырымда колледж студенті 20 адамды өлтіріп, соңында тапаншасын өзіне кезеген болатын» деген деректер келтірді Reuters.  

Мақпал ОРЫНБЕК

 

 

 

 

 

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға
Өзгелердің жаңалығы