Қазақстанның 11 мұрасы ЮНЕСКО-ның материалдық емес мәдени мұрасына енгізілген

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Қазақстан Республикасының ЮНЕСКО және ИСЕСКО істері жөніндегі Ұлттық комиссиясы жанындағы Материалдық емес мәдени мұраны қорғау жөніндегі ұлттық комитет Азия-Тынық мұхиты өңірі (АТМӨ) елдерінің материалдық емес мәдени мұрасы бойынша ақпарат алмасу және тарату мақсатында құрылған ichLinks халықаралық цифрлық платформасы жобасының серіктес ұйымына айналды.

ҚР ЮНЕСКО және ИСЕСКО істері жөніндегі Ұлттық комиссия Хатшылығы онлайн платформаның ашылу салтанатына орай ұйымдастырушылар мен қатысушыларға құттықтау жолдады. Қазақстан тарапы әлем халықтарының ұжымдық жады мәдени сәйкестікті, өткен мен болашақ арасындағы сабақтастықтысақтау үшін өте маңызды екендігін атап өтті.

Ichlinks.com платформасы материалдық емес мәдени мұраның (МЕММ) мыңнан астам элементтері туралы ақпаратты қамтиды және адамзаттың материалдық емес мәдени мұрасын сақтау саласындағы ірі ғылыми-зерттеу институттары жариялаған кітаптарды, бейне және аудио материалдарды, сараптамалық ақпаратты қосымша зерттеуге мүмкіндік береді. Сонымен қатар, сандық платформада алдағы және өткен конференциялар, семинарлар мен оқиғалар туралы өзекті ақпарат жарияланады.

Жоба Корея Республикасы үкіметінің қаржылық қолдауымен ЮНЕСКО-ның АТМӨ елдеріндегі МЕММ туралы ақпарат алмасу орталығының (ICHCAP) базасында іске асырылды.

Қазақстан атынан МЕММ жөніндегі ұлттық комитет Малайзияның өнер және мәдениет қызметкерлерінің қауымдастығы (MACPA), Моңғол ұлттық мәдени мұра орталығы (NCCH), Вьетнамның Мәдениет және өнерді зерттеу институты (VICAS), Өзбекстанның мәдениет мекемелерінің қызметін ұйымдастыру жөніндегі республикалық оқу-әдістемелік орталықпен қатар платформаға қосылған алғашқы серіктес ұйымдардың қатарына кірді.

Бүгінгі таңда Қазақстанның МЕММ 11 элементі ЮНЕСКО жүргізетін Адамзаттың материалдық емес мәдени мұрасының репрезентативтік тізіміне енгізілген. Олардың арасында домбырамен күй орындау өнері, қазақ күресі, асық ойыны және атбегілердің көктемгі жоралғылары. Тізімде түркі, Орталық Азия және басқа да халықтарға ортақ мұраның элементтері бар: құсбегілік, Наурыз мейрамын тойлау дәстүрі, Қорқыт ата мұрасы, айтыс, тоғызқұмалақ, киіз үй жасау және жинау дағдылары, қатырма жұқа нан жасау мәдениеті.

Мәдени мұраны цифрландыру және оған жеке тұлғалардың, зерттеу мекемелері мен туристік қауымдастықтардың кеңінен қол жеткізуін қамтамасыз ету мәдени бірегейлікті сақтауға, ұлттық жадыны қалыптастыруға және еліміздің мәдени және этникалық әртүрлілігі туралы білімді таратуға ықпал етеді.

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға
Өзгелердің жаңалығы