Қазақстанда полиция, прокуратура және сот өкілеттіктерінің аражігі ажыратылады
Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Мәжілістің жалпы отырысында депутаттар «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне құқық қорғау органдары, прокуратура және сот арасында өкілеттіктердің және жауапкершілік аймақтарының аражігін ажырата отырып, үш буынды модельді енгізу мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» Қазақстан Республикасы Заңының жобасы бірінші оқылымда мақұлдады.
Мемлекет басшысы 2020 жылғы Жолдауында қылмыстық процестің үш буынды моделінде прокурор қылмыстық қудалау органдары жинаған дәлелдерге тәуелсіз баға беруі тиіс деген болатын. Сол себепті үш буынды модельге көшудің екінші кезеңінде прокурорға айыптау актісін өзі толтыру құқығын толтыру ұсынылады. Прокурор күдіктінің әрекетіне жиналған дәлелдер негізінде толық және тәуелсіз баға беріп, саралайды, - деді Әсет Шындалиев.
Оның сөзінше, айыптау актісінде күдіктіге қандай айып тағылғаны, қылмысты қалай жасағаны, оны жасау себепті, салдары, кінәсін растайтын мән-жайлар, сондай-ақ қылмыстың қандай баппен сараланып отырғаны көрсетіледі. Мұндай тәртіп алдыңғы қатарлы елдердің де тәжірибесінде бар.
Бас Прокурордың орынбасары Әсет Шындалиев заң жобасының негізгі ережелеріне тоқталды.
Бірінші, айыптау актісін жасауда прокурорға кезең-кезеңімен беру жоспарланып отыр. Атап айтқанда, 2022 жылдан бастап аса ауыр қылмыстар, 2023 жылдан бастап сыбайлас жемқорлық бойынша істер, ал 2024 жылдан бастап барлық іс бойынша енгізіледі. Тергеушінің есебінде тергеу нәтижелері туралы қысқаша тұжырымдар ғана болады. Жиналған дәлелдерге талдау жасалмайды, - деп түсіндірді ол.
Айтуынша, барлық сотқа дейінгі тергеп-тексеруге қорытынды беретін түпкілікті құжат - прокурордың кеңейтілген айыптау актісі. Бұл құжаттар прокурор жиналған дәлелдерге талдау жасап, істі сотқа жолдау туралы мәселені шешеді.
Екінші, анықтау және жеделдетілген тергеуді хаттамамен аяқтау ұсынылады. Осындай санаттағы істер бойынша үлкен айыптау актісінің орнына қысқаша хаттама жасалады. Оны прокурор бекітіп, істі жолдайды. Үшінші, қылмыстық теріс қылық туралы істер бойынша тергеу рәсімін барынша жеңілдету ұсынылады. Әкімшілік құқықбұзушылық істер сияқты бір хаттамада бірнеше процестік шешімдер мен әрекеттер бекітіледі, - деді Әсет Шындалиев Мәжілісте.
Сонымен қатар төртінші, жобада тергеуді жылдамдату үшін тергеуші прокурордың келісімінсіз күдіктіден жауап алу мүмкіндігі көзделген. Мысалы, адам елді-мекеннен алыс жерде ұсталды. Ал тергеуші тез арада шешімді бекітуі тиіс. Мұндай жағдайда тергеуші алдымен күдіктіден жауап алып, сосын прокурорға материалдарды келісім алуға жібереді.
Бесінші, сот сатыларында істерді қарауға байланысты түзетулер бар. Бірінші сатыдағы сот өз шешімінде техникалық қате жіберсе, онда оны қосымша қаулысымен өзі түзете алады. Қазір сот актісінде маңызды емес қате болса, ол апелляциялық сатыда түзетіледі. Заң жобасын қарау кезінде депутаттар жобаның нормаларын жақсартуға арналған ұсыныстар берді. Атап айтқанда, күрделі және көп эпизодты істер бойынша айыптау актісін дайындау мерзімін бір айға ұзарту ұсынылды. Одан бөлек, прокурор қылмыстық іспен танысу кезінде тергеу судьясына күдіктіні қамаққа алу мерзімін ұзарту туралы ұсыныс жасалды, - деп айтты Бас Прокурордың орынбасары Әсет Шындалиев.
Мәжіліс депутаттары заң жобасын бірінші оқылымда мақұлдады.