Қазақстан тұрақсыз әлемдегі тұрақты мемлекет – Саиров

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Бүгін елордадағы Еуразиялық интеграция институтында «Тұрақсыз әлемдегі тұрақты мемлекет: Тоқаевтың 2020 жылғы басты жеті ісі» баяндамасының тұсаукесері өтті. Еуразиялық интеграция институты ұйымдастырған шараның мақсаты – еліміздің қоғамдық-саяси өміріндегі жыл қорытындыларын сараптамалық талқылау. Тұсаукесерге отандық ғалымдар мен сарапшылар қатысты.

Шара барысында саясаттанушы, саяси ғылымдар кандидаты Ерлан Саиров «Тұрақсыз әлемдегі тұрақты мемлекет: Тоқаевтың 2020 жылғы жеті басты ісі» баяндамасын таныстырып, ондағы саяси бағыттың сабақтастығы, саяси, экономикалық, әлеуметтік реформаларды жүргізу, тиімді дағдарыс-менеджмент, қоғам мен мемлекет арасындағы өзара сенім радиусын кеңейту бағыттарын қарастырды.   

Президенттің 2020 жылғы күн тәртібіндегі негізгі бағыттардың бірі - дағдарысқа қарсы саясат пен дамудың жаңа жағдайларына бейімделудің бір бөлігі саналатын реформалар болды. Қазақстан Республикасының Президенті Қ.Тоқаевтың бастамасы бойынша Ұлттық қоғамдық сенім кеңесі құрылып, саяси реформалардың бірінші пакеті дайындалды. Мемлекет басшысы өз сөзінде айтып өткендей, қазір «халық үніне құлақ асатын мемлекет» құруға, әділеттілік пен тең мүмкіндіктер қағидаттарын ілгерілетуге және бекітуге бағытталған еліміздегі демократиялық өзгерістерге жаңа серпін беретін реформалардың жаңа пакеті дайындалуда, - деді ол.

Оның айтуынша, тек пандемия ғана емес, аймақтық шиеленіс, деглобализация мәселесі тұрғысында  Қазақстанның егемендік мәселесіне үлкен көңіл бөлінуде. 

Жыл соңында Қазақстан Тәуелсіздігін арттырып келеді, деп айтуға болады. Оның негізгі факторы – 2020 жылы Президент мемлекет ресурстарын халықтандыру мәселесін шешті. Өздеріңізге белгілі, Қазақстан 2020 жылдың наурыз айынан бері пандемия кеңістігіне енді, сол кезден бастап Мемлекет басшысы  еліміздегі мемлекеттік ресурстарды, Үкімет жұмысын пандемия тудырған мәселелерді шешуге, снымен бірге пандемия кезінде  халықтың әл-ауқатын сақтап қалуға бағыттады. Бұдан шығар негізгі қорытынды - Қазақстан тұрақсыз әлемдегі тұрақты мемлекет деп айтуға барлық негіз бар. Біздің халықтың жағдайы басқа елдерге қарағанда төмендеген жоқ.  Елде саяси реформалар жүзеге асты. Ең негізгісі – дүниежүзілік өнімнің көлемі 5-6 пайызға төмендесе, Қазақстанда оның көлемі 1-1,5 пайызға артты. Мұның барлығы еліміздегі мемлекеттік реттеудің, мемлекеттік органдардың «тыңдауға қабілетті  қабілетті мемлекет» философиясын енгізу,  халықтың әлеуметтік мәселелерін жылдам реттеу жағдайында жасалып отырғаны белгілі, - деді Саиров.

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға
Өзгелердің жаңалығы