Қазақстан қоқысты неге ақшаға айналдыра алмай отыр?
Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Қазіргі күні еліміздің полигондарында 40 млрд тоннадан астам қатты тұрмыстық қалдық жинақталған. Жыл сайын оның үстіне 5 миллион тонна қоқыс қосылып отырады. Ал өңделетіні тек 15 пайыз.
Қазақстанда қоқыс та, проблема да көп
Біз қатты тұрмыстық қалдықты қоқыс десек, дамыған елдер оны «байлық» деп бағалайды. Мысалы, Швейцарияда қоқыс полигоны жоқ. Мұндағы қалдықтардың 99 пайызы қайта өңделеді. Ал Германия тұрмыстық қалдықтардың 68 пайызын өңдеп, оны жыл сайын 50 млрд еуро көлеміндегі табысқа айналдырады. «Қазақстан – 2030» стратегиясында Елбасы Сингапурге ұқсауды меже етіп қойды. Сол елдегі энергия қуатының үш пайызы осы қалдықтардан алынады.
Олай болса біздегі «байлық» бүкіл елді энергиямен қамтуға жететін шығар. Алайда бізде қоқыс та көп, оны кәдеге жаратудағы проблема да аз емес. Тұрмыстық қалдықтарға қатысты мәселелер еліміздегі заңнамаларға, соның ішінде Экологиялық кодекске өзгертулер енгізу қажеттігін тудырды. Осыған орай еліміздің Экологиялық кодексіне қалдықтарды бөлек жинау мен оларды өңдеу мәселесіне орай бірқатар түзету енгізілді. Бүгінгі күні қатты тұрмыстық полигондарға қоқыстың 12 түрін тастауға рұқсат етілмесе, 2019 жылдан бастап оның тағы үш түріне – пластик, макулатура, шыныға тыйым салынды. Ал 2021 жылдан бастап бұл тізімге құрылыс материалдары мен азық-түлік қалдықтары да енгізілмек. Осы шара арқылы министрлік қалдықтарды өңдеу көрсеткішін көбейтіп, тұрғындардың қоқысты сұрыптау ісін кіріктіруді көздеді.
Көмуге тыйым салу талап етілгенімен, жергілікті жерде қоқысты сұрыптау мәселесі шешілмей отыр. Экология, геология және табиғи ресурстарды қорғау министрлігінің берген мәліметіне сүйенсек, бүгінде елімізде 200-ден астам қатты тұрмыстық қалдықтарды өңдеумен айналысатын кәсіпорын бар. Олардың күшімен биыл қоқысты өңдеу көрсеткіші 15 пайызға жеткізілді. 2030 жылға дейін оны 40 пайызға жеткізу көзделіп отыр. Алайда «KazWaste» қалдықтарды басқару қауымдастығы осы межеге жеткізу үшін саладағы проблемаларды жүйелі түрде шешу керек дегенді алға тартады. Өйткені дәл қазіргі күні бизнес үшін қоқыс өңдеу мен сұрыптайтын кәсіпорын ашу тиімсіз болып отыр.
«KazWaste» қалдықтарды басқару қауымдастығының төрағасы Шынболат Байқұловтың айтуынша, қоқысты жинау мен оны полигондарға тасымалдау жүйесі болмағандықтан көптеген елді мекенде оны өртейді немесе үйінді етіп жинайды. Мұндай жағдай еліміздің ауылдарының бәріне тән. Өйткені қатты тұрмыстық қалдықтарды утилизациялаумен айналысатын компаниялардың әр елді мекенің қоқысын шығаруға қаржылық жағынан қауқарсыз. Ал тау болып үйіліп жатқан тегін шикізатты өнімге айналдыруға ниеттілер жоқ емес, бар. Бірақ инвесторларға қойылатын талап пен тарифтің төмендегі бұл саланың дамуын тежеп отыр. Қоқыс өңдеу үшін полигонды жалға алатын кәсіпкерлерге қоқыстан тазартылуға тиіс аумақты да қосып береді. Ол - бір.
Мемлекеттің қолдауынсыз бұл саланың болашағы жоқ. Сұрыптаушы, қайта өңдеуші кәсіпорындар мен полигондар бір жүйенің қолында болуы керек. Не жеке меншік тұлғаның, не мемлекеттің. Алайда бізде полигондар мемлекеттікі, ал кәсіпорындар кәсіпкердікі, - дейді қауымдастық төрағасы.
Қайта өңдеудің тиімді әдісін жасау үшін полигондағы қалдықтың құрамын зерттеу маңызды. Қазақстандағы қалдықтар өте агрессивті, көп жағдайда олардың көбі өңдеуге келмейтін улы болып жатады. Жалпы алғанда полигондағы қоқыстың 46 пайызға жуығы ғана жарамды болады екен.
Статистика комитетінің мәліметіне сүйенсек, соңғы жылдары арнайы кәсіпорындар 4 млн тоннаға жуық қоқыс жинаса, оның 17 пайызы ғана сұрыптаудан өтіп, тек 160 мың тоннасы ғана қайта өңдеуге жарамды болып шыққан. Демек полигонға жеткізілген қоқыстың тек төрт пайызын шикізат ретінде пайдалануға келеді.
Тарифтің төмендігі де тежеу
Қауымдастық мамандарының айтуынша, өңделетін қоқыс тоннасы үшін бекітілген тариф те басқаша есептелуі тиіс. Көптеген дамыған елде тарифтен түскен қаржының 45-50 пайызын өңдеуші кәсіпорындар, 40 пайызын қалдықтарды тасымалдаушылар, 10 пайызын полигондар алады. Ал еліміздегі арифметика басқаша: 65 пайызы тасымалаушыға, яғни қоқысты шығарушы кәсіпорындарға тиесілі. Тек 17 пайызы оны өңдеуші кәсіпорындардың, 18 пайызы полигонның еншісінде. Ал полигонда қоқыс тек сақталады, рекультвациялау ісі де өте төмен деңгейде дейді олар. Қазақсанда полигондардың тек 15 пайызы заңдастырылған әрі әлемдік стандарттар бойынша жұмыс атқармайды. Талап бойынша, қоқыс әрбір 25-30 сантиметр сайын топырақ төселіп, көмілуі тиіс. Бұл технология фильтраттар мен зиянды газдардың мөлшерін төмендетуге септігін тигізеді. Алайда көрсеткіш мынандай болған соң, талаптардың қаншалықты сақталып отырғаны туралы айту қиын.
Тарифтің үлескерлік мөлшерінен бөлек, оның төмендігі де қатты тұрмыстық қалдықпен жұмыс істейтін кәсіпорындардың көбеюін тежеп отыр. Қазақстандағы қатты тұрмыстық қалдықтарға қатысты бекітілген тариф 84 - 553 теңге аралығында. Жоғары көрсеткіш Алматы мен Нұр-Сұлтан қалаларында. Біріншісінде - 553 теңге, екіншісінде - 390 теңге. Ал ең төменгі тариф Таразда – 84 теңге. Өзге қалаларда 100-300 теңге аралығында.
Алайда тарифтің төмендігі тұрғындар үшін тиімді болғанымен, кәсіпорындар үшін шығынды. Қазақстанда жыл сайын коммуналдық қызметтер бағасы қымбаттап жатыр, соған орай арнайы техниканың құны да жоғарылауда. Бірақ тұрмыстық қатты қалдықтардың тарифі еш өзгеріссіз қалып отыр. Оның үстінде қала тұрғындарының саны да күн санап артып келеді. Қатты тұрмыстық қалдықты шығаруға ақы төлеуден бас тартып, жылдар бойы коммуналдық төлем жасамайтын тұрғындар да кәсіпорындардың жұмысына зардабын тигізеді. Жалпы үлкен қалалардағы халықтың 60-80 пайызы ғана қызметті уақытылы төлейді. Сондықтан қоқысты шығару, сұрыптау мәселесінің шешілуіне осындай факторлар да әсер етеді, - дейді қауымдастық төрағасы.
Кей қалалар мене елді мекендерде тариф деген атымен жоқ екенін де атап өткен жөн. Сондықтан қауымдастық өкілдері қатты тұрмыстық қалдықтар мәселесін шешудің бір жолы тарифті бекіту және көтеру деп есептейді. Бұл туралы Экология, геология және табиғи ресурстар вице-министрі Ахметжан Пірімқұлов та қалдықтарды утилизациялауға арналған форум барысында айтқан болатын.
Қоқыс шығарудың тарифін өсірмей, елдегі қатты тұрмыстық қалдықтар мәселесін шешу мүмкін емес. Оларды қаржыландыратын өзге жол жоқ. Сонымен қатар әр өңірдің ерекшеліктері мен қалдықтар мөлшері, материалдық жағдайы ескерілуі тиіс. Бұл жай ғана тариф емес, дифференциалды болуы қажет, - деді ол.
Экология министрлігінің бізге берген мәліметіне сүйенсек, Энергетика министрлігі 2016 жылдың 1 қыркүйегіндегі қатты тұрмыстық қалдықты шығару, жинау, сұрыптау және көмуге арналған тарифті бекітудің әдістемесін қабылдады. Бүгінгі күні тек Алматы мен Нұр-Сұлтан қалаларында тарифтер аталмыш әдістемеге сәйкес реттелді. Ал қалған өңірлерде сол күйінде қалып отыр. Әдістемеде қалдықтармен жұмыстың барлық шығындары қарастырылған.
Еліміздің Экологиялық кодексі бойынша, жергілікті атқарушы орган қатты тұрмыстық қалдықтарды шығару мен өңдеу, сұрыптау мәселесіне қатысты тарифті өзі бекітеді. Қазіргі күні республикадағы орташа тариф жеке тұлғалар үшін 235 теңгені, заңды тұлғалар үшін 1438 теңгені құрайды. Бұл тариф кәсіпорындардың шығынын ақтамайтынын уақыттың өзі дәлелдеп отыр. Осылайша, олар шығынмен жұмыс істеуге мәжбүр. Бұл саланың дамуына кедергі келтіріп отырған фактордың бірі осы. Алматы мен Нұр-Сұлтан қалаларындағы кәсіпорындарды қоспағанда еліміздегі барлық кәсіпорын минуспен жұмыс істейді немесе шығындарын қосымша өндіріс арқылы жабады. Ал осыдан кейін оларға қоқысты сұрыптауға арналған құрылғы сатып ал, оларды өңде деген талап қою қаншалықты орынды? Көмуге болмайды, өңдеу үшін сұрыптау қажет. Сондықтан тарифті көтеріп, сұрыптау ісіне тұрғындарды тарту қажет, - дейді қауымдастық төрағасы.
Күл болмасаң, бүл бол
Көмілетін қатты тұрмыстық қалдықтардың көлемін азайту мақсатында министрлік «Waste to Energy» энергетикалық утилизациялау механизмі дайындалуда. Оның негізінде қайта өңдеуге келмейтін қалдықтар мен органикалық қалдықтарды өртеу көзделген. Алғашқы кезеңде, яғни 2024 жылға дейін 6 қоқыс өңдейтін зауыт салу жоспарланған. Олар қоқыс ең көп жиналатын Нұр-Сұлтан, Алматы, Шымкент, Ақтөбе, Атырау және Тараз қалалары. Бұл жобалардың жүзеге асырылуы жыл сайын жиналатын 5 млн тонна қалдықтың 30 пайызын өңдеуге мүмкіндік береді дегенді алға тартып отыр министрлік. Қауымдастық өкілдері бұл жобаға қарсылығымыз жоқ, тек өзге салалар назарсыз қалмаса екен дейді.
Экология, геология және табиғи ресурстарды қорғау министрі Мағзұм Мырзағалив баяндамаларының бірінде қатты тұрмыстық қалдықтарды өртеу арқылы электр энергиясын өндіру туралы айтқан болатын. Министрліктің есептеуі бойынша аталмыш бизнес өз шығындарын жауып қана қоймай табысқа шығатындай жағдайда болады. Өйткені мемлекет тарапынан оған салықтық жеңілдіктер қарастырылмақ.
Мемлекет тұрмыстық қалдықтарды өртейтін кәсіпорындарға басымдық беруді көздеп отыр. Біз өртеуге қарсы емеспіз. Алайда тұрмыстық қалдықты өңдейтін, сұрыптап, нәтижесінде өнім алатын кәсіпорындарға неге көңіл бөлмеске. Олар жұмыс орындарын ашады, салық төлейді, - дейді қауымдастық төрағасы.
Қайта өңдеу үшін шикізатты шетелден алады
Қатты тұрмыстық қалдықтан дайын өнім алатын кәсіпорындардың да табысы аспандап тұрған жоқ. Пайда 4 пайыздан аспайды дейді Қостанай облысындағы «Фабрика нетканых материалов S.M.F.-System» ЖШС басшысы Жандос Жақсыбаев.
Кәсіпорын қатты тұрмыстық қалдықты сұрыптаумен және пластикті қайта өңдеумен айналысады.
Дайын өнімді алу үшін құр пластикті өңдеу жеткіліксіз. Мысалы, құбырлар шығару үшін қосымша шикізатты шетелден аламыз. Әр өндірілетін тауар үшін осылай. Мұның бәрі инвестицияны қажет етеді. Сондықтан қайта өңдеу деген өте шығынды процесс. Мемлекеттің қолдауы мен пайыздарды субсидиялау мен салықтық жеңілдіктер қарастыру қажет, - дейді ол.
Қауымдастық басшысы Шынболат Бақұловтың айтуынша, қайта өңдеуші кәсіпорындар үшін «Бизнестің жол картасы - 2020» бағдарламасы аясында несиелендіру, пайыздарды субсидиялау қарастырылған. Алайда бұл туралы білетіндер мен оны пайдаланатындар аз. Олардың көбінің айтатыны бір – бұл бизнестің тәуекелі өте көп.