Қазақ әдебиеті «Бұйырғын» және «Кінәлі қыз» кітаптарымен толықты

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Бүгін Ұлттық академиялық кітапханада ардагер айтыс ақыны Егеухан Мұқамәдиқызының «Бұйырғын» және «Кінәлі қыз» кітаптарының тұсаукесері өтті.

Салтанатты жиында Мәдениет және спорт министрі Ақтоты Райымқұлованың құттықтау хатын министрлік өкілі Рига Умайова жеткізді.

Құрметті Егеухан Мұқамәдиқызы, саналы ғұмырыңызды халқымыз қасиет тұтқан өресі биік, өрісі кең айтыс өнеріне арнап, поэзия өлкесінде өзіндік иірімдеріңізбен орын алған қазақтың тұлғасысыз. Сіздің  «Ақ қайың», «Ару арманы», «Қос қанат», «Қайтқан қаз», «Махаббат жетегінде» атты жыр жинақтарыңыз әдебиетіміздің баға жетпес байлығы, ортаймас қазынасы деп білемін. Сексен жастың сеңгіріне шығып отырған алтын алқалы өзіңіздей ананың бү гінгі тұсаукесері кесілгелі отырған «Кінәлі қыз» және «Бұйырғын» атты кітаптардың ұлтымыздың дәстүріне зор үлес қосады. Сондай ақ кейінгі ұрпақтың рухани азығы болады. Құнды мұра, қастерлі қазынаға айналарына сенімдімін, - делінген Ақтоты Райымқұлованың құттықтау хатында. 



Кітап авторына Ұлттық академиялық кітапхана басшылығы «Халық құрметі» орденін табыстады. 


Сонымен қатар Егеухан Мұқамәдиқызының сөзіне жазылған «Бойжеткен-ай» әнін дәстүрлі әнші Ерлан Рысқалиев орындады.

«Кінәлі қыз» -  бұл көркем шығарма. Оқып отырғанда адамның зейінін басқа жаққа аудармайды. Басты кейіпкер - үйінен қашып шыққан жасөспірім қыз. Шығармада кейіпкердің ойымен ілесіп отырамыз. Оны мұндай алыс сапарға не итермелеп отырды деген сұрақ келеді. Сондағысы бір шайпау сөз екен. Жол үстіндегі кейіпкерлер мен табиғат көріністері ерекше бейнеленіп, сипатталған, - дейді жазушы, ҚР еңбек сіңірген қайраткері Шәрбану Бейсенова.


Ол Егеухан Мұқамәдиқызының жарық көріп отырған бұл еңбектері қазақтың асыл сөздеріне бай. Танымдық бағытқа басымдық берген шығармада тілімізге де, салт-дәстүрлерімізге де маңызы бар білім көп екенін айта кетті.

Екінші бөлімінде біз үшін маңызды танымдық заттарға бай. Киіз үйдің ішкі жабдығын, сыртқы кигізін анықтап түсіндіреді. Біз мұның бәрін сырттай білсек те, бүге-шүгесіне дейін айта алмаймыз. Оның жасалу технологияларын нақтылап, суреттеп көрсеткен. Тек қана киіз үй ғана емес, басқа да қазақтың өмір салтында қолданылатын заттарды сипаттаған. Оқулықтар шығаратын баспалар - «Атамұра» секілді болашақ ұрпақтарымызға түсіндірме ретінде жеке кітап етіп басып шығарса, жақсы болар еді, - дейді Шәрбану Бейсенова.



Айта кетейік, Егеухан Мұқамәдиқызы 1940 жылы 1 сәуірде Моңғолияның Баянөлгий аймағында туған. Баяннұр орта мектебінде отыз жылдай кітапхана меңгерушісі болған. 1960 жылдан өлең жазып, айтыстарға қатысқан. 1971 жылы Моңғолия қазақтарының айтыс өнерін дамытуға қосқан үлесі үшін «Айтыс ақыны» атағын алған. Бірнеше республикалық, халықаралық айтыстың жүлдегері. 


«Жыр қарлығаштары» (1966), «Таң арайы» (1971), «Ақ қайың» (1971), «Қобда өзен толқыны» (1975), «Ару арманы» (1977), «Айтыс» (1979), «Бәйге» (1980), «Оң қанат» (1982), «Алимын цэцэрлэг» (монғол тілінде, 1989) жыр жинақтары жарық көрген. «Қайтқан қаз», «Қосішек» атты кітаптары бар. 

«Даңқты Ана» І-ІІ дәрежелі ордендерімен, Құрмет грамоталармен, медальдармен марапатталған. Моңғолия Журналистер одағының, Моңғолия Жазушылар одағының мүшесі.


Олжас АДАЙ
Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға

Фото: Бауыржан ЖУАСБАЕВ
Өзгелердің жаңалығы