18 Қараша 2026, 16:18 Фото: gov.kz

Каспий қадағалаусыз қалды: Теңізде бірде-бір бақылау станциясы жоқ

Арман Хайруллин: Каспий теңізі бақыланбайтын аймаққа айналды

25 жыл ішінде Каспий теңізінің аумағы 16 мың шаршы шақырымға қысқарып, қазақстандық бөлігіндегі бекіре тұқымдас балықтардың әлеуеті 99,4%-ға төмендеді. Сонымен қатар теңіздің өзінде су мен ауа сапасын бақылайтын бірде-бір стационарлық станция жоқ. Бұл туралы депутат Арман Хайруллин Премьер-министрдің орынбасары Қанат Бозымбаевқа Каспий теңізін сақтауға бағытталған экологиялық шаралар бойынша жолдаған депутаттық сауалында айтты. 

«Президентіміз Қасым-Жомарт Тоқаев Түрікменстанда өткен бірінші Каспий экологиялық саммитінде атап өткендей, Каспий теңізінің тартылуы экологиялық әрі ауқымды экономикалық дағдарысқа айналды», – делінген сауалда.

Тұзды жаңбыр мен шаңды дауылдар

«Соңғы 25 жылда теңіз акваториясы 16 мың шаршы шақырымға азайды. Салыстырып қарасақ бұл Балқаш көлінің тұтас аумағымен тең. Тартылған Солтүстік Каспийде шаңды дауылдар жиілеп, тұзды тозаң «балшық жауын» болып түсуде. Осыған байланысты Арал тәжірибесі негізіндекепкен аумақтарға фитомелиоранттар егу қажет», – деп атап өтті депутат.

Әлихан Бөкейхан атындағы институт Атырау өңірін шаңды дауылдардан қорғау жобаларын әзірлеу үшін 222,9 млн теңге бөлуді ұсынып отыр, алайда қаржыландыру мәселесі әлі қарастырылмаған.

Бекіре тұқымдас балықтар мүлдем қалмады

«Каспий балығы – мемлекетіміз үшін әрі азық-түлік қоры, әрі маңызды экспорт көзі. Алайда оның көлемі жылдан жылға түсіп отыр. Теңіздің қазақстандық бөлігінің бекіре тұқымдас балықтар үшін биологиялық сыйымдылығы 1 миллион тоннадан 5,9 мың тоннаға дейін түсіп, 170 есе азайғанын көріп отырмыз. Кәсіпшілік қара балық көлемі тек соңғы 6 жылда 29 пайызға азайса, Каспий итбалығы ХХ ғасырдың басындағы 1 миллионнан 270 мыңға дейін қысқарды. Бұған браконьерлікпен қатар, қайраңда көмірсутектерді ауқымды түрде өндіру де әсер етуде», – деп баса айтты «Әділет» өкілдері.

Экологтар үшін «соқыр аймақ»

«Өкінішке қарай, бүгінде Каспий Экология министрлігі үшін бақылаусыз қалған «соқыр аймаққа» айналды. Теңізде атмосфералық ауа мен судың биохимиялық сапасын бақылайтын бірде-бір стационарлық станция жоқ. «Қазгидромет» мониторингті тек жағалаудағы 50 нүктеде жүргізеді», – деп мәлімдеді депутат.

«Қашаған сияқты әлемдегі ең ірі кен орыын игеру, сөзсіз, Қазақстан үшін маңызды. Сөйтсе де мұнай өндіруші аралдардың айналасында экологиялық бақылау бекеттерін орнату – бүгінгі күннің талабы», – делінген сауалда.

Депутаттарды ірі компаниялардың экологиялық тәуекелдерді іс жүзінде сақтандырмайтыны да алаңдатады.

«Елімізде қызмет ететін ірі табиғат пайдаланушы компаниялардың экологиялық жауапкершілігі мен сақтандыру көлемі тым мардымсыз. Әлемдік тәжірибедегі шынайы тәуекелдерге сәйкес келмейді. Ірі кәсіпорындардың міндетті экологиялық сақтандыру көлемін анықтау жөнінде жолдаған сауалдарымызға Ұлттық банк пен Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі әлі күнге нақты жауап берген жоқ», – деп атап өтті «Әділет» фракциясы.

Депутаттардың айтуынша, Конституция мен Экологиялық кодекске сәйкес, мұндай ақпарат қоғам үшін толықтай ашық болуы тиіс.

Мемлекет басшысының тапсырмасымен 2024 жылы құрылған «Каспий теңізі» ғылыми-зерттеу институты қаржылық қиындыққа тап болып отыр. Институтқа Каспийдің экологиялық сезімталдылық картасын әзірлеп, өз қызметін сапалы жүргізіп отыру қажет. 

Депутаттар не ұсынады?

  • фитомелиорация көмегімен Солтүстік Каспийді шаңды дауылдардан қорғау жобаларын әзірлеу мен іске асыруды қаржыландыру;

  • Каспийдегі кен орындарының айналасына мемлекеттік стационарлық бақылау бекеттерін орнату бағдарламасын әзірлеу;

  • ірі компаниялардың экологиялық сақтандыру сомаларын халықаралық тәжірибелер мен стандарттарға сәйкестендіру және экологиялық ақпараттың ашықтығын қамтамасыз ету;

  • 2027-2029 жылдарға арналған республикалық бюджеттен «Каспий теңізі» институтын тұрақты қаржыландыру.

«Каспийді болашақ ұрпақ үшін көздің қарашығындай сақтау – барлығымыздың парызымыз!» – деп түйіндеді депутаттар.

Айта кетейік, бұған дейін Қазақстан, Әзербайжан және Өзбекстан Каспий жасыл энергетикалық дәлізін құратыны хабарланды. 

Тағы оқи отырыңыз:

Қазақстан Каспийді сақтау үшін Солтүстік Аралды қалпына келтіру тәжірибесін бөлісуге дайын

Тоқаев: Каспийдің тартылуы тек экологиялық емес, экономикалық дағдарысқа айналды

Қазақстан Каспийде ЖИ мен спутниктік технологияны қолдана отырып, мониторигтің бірыңғай цифрлық платформасын құруды ұсынды