Кәсіпкерлердің қазіргі басты мақсаты бар кәсібін қалыпты ұстап қалу
Атырау, BAQ.KZ тілшісі. Карантиндік шектеулер бизнестің дамуына кері әсерін берді. Кәсіптер тұралап, кәсіпкерлер шығынға ұшырады. Қазір көптеген бизнес нысан «Ashyq» қосымшасы арқылы жұмысын кедергісіз бастап жатыр. Атырау облысындағы кәсіпкерлердің мәселесі бойынша аймақтағы кәсіпкерлер палатасы директоры Идресов Абдолла Хамиұлымен сұхбаттасқан едік.
- Абдолла Хамиұлы, «Ashyq» қосымшасы арқылы қоғамдық орындар жұмысын бастап жатыр. Бұл жобаға атыраулық кәсіпкерлердің көзқарасы қалай?
-Пандемия кезінде көптеген кәсіпкерлік субъект өз кәсіптерін тоқтатуға мәжбүр болды. Бизнестің біразына соның ішінде боулинг, бильярд, компьютер клубтарының жұмыстарына рұқсат болмады. Ал енді «Ashyq» қосымшасы арқылы көптеген кәсіпкер қайта ашылуға мүмкіндік алып жатыр. Жұмысшылары да қызметтеріне оралып, табысын табуда. Екінші деңгейлі банктер алдындағы жауапкершіліктерін орындап бастады. Қазір өңірде 205 кәсіп осы жобаны орнатты.
-Індеттің салдарынан аймақта қандай бизнес түрлері зардап шекті? Мүлде жұмысын тоқтатқандар бар ма?
-Індет салдарынан бірінші кезекте боулинг, бильярд, балалар ойын орталықтары, тамақтану орындары сияқты бизнес түрлері зардап шекті. Олар пандемия басталғалы толықтай қызметтерін тоқтатты немесе шектеулермен жұмыстарын жасады. Осы кәсіптерді жаңдандыру үшін жоғарыда айтылған «Ashyq» бағдарламасы еңгізілді.
-Палата «Бизнес бастау» жобасы бойынша жергілікті тұрғындарды кәсіпке баулиды. Бұл жобаның нәтижесі қандай? Қандай баға берер едіңіз?
-Атырау облысы Кәсіпкерлер палатасымен «Еңбек» соның ішінде «Нәтижелі жұмыспен қамтуды және жаппай кәсіпкерлікті дамытудың 2017-2021 жылдарға арналған бағдарламасы шеңберінде «Бастау бизнес» жобасы бойынша кәсіпкерлік негіздеріне оқытуды жүзеге асыруда. «Бастау Бизнес» жобасы бойынша 2017-2020 жылдары барлығы 5 675 адам оқытылды, оның ішінде 1 427 қатысушы қайтарымсыз грант иегері болды, 623 қатысушы несие алды. Өткен жылы 1 000 адам оқытылды, 684 қатысушы 773,2 млн теңге сомасында қаржыландарылды, оның ішінде 88 адам 443 млн теңге мөлшерінде несие алды. 596 қатысушыға 200 АЕК мөлшерінде 330,6 млн теңге сомасында гранттар берілді.
-Карантин кезінде көптеген кәсіпкердің жұмысы тұралап, наразылық білдіре бастады. Кәсіпкерлер палатасы оларға қандай көмек берді?
-Елімізде өткен жылы төтенше жағдай жарияланғанда Атырау облысы кәсіпкерлер палатасы «қашықтан жұмыс» режиміне көшіріліп, жедел штаб қызмет етті. Штаб облыстық штабпен бірлесіп жұмыс жасады. Палата кәсіпкерлердің блок-бекеттерден өткізу бойынша қолдау көрсетті. Сонымен қатар несиелерді кейінге қалдыру, әлеуметтік төлемдер бойынша кеңестер берді. Сауда орындарымен келіссөздер жүргізіп жалға алушылардың төлемдерін тоқтатуға қолдау көрсетті. Соған қоса палатының бастамасымен кәсіпкерлердің қалада жүруін қамтамасыз ету үшін Аtyrauinfokazakhstan.kz порталы іске қосылды. Дәл осы кезде палатаға аймақтағы 300-ден аса кәсіпкерден шағым түсті. Олар несиелерді төлеу уақытын шегеру, жұмыс кестесі, шикізаттың қымбаттауы, коммуналдық төлемдерге қатысты болды. Осы арыз-шағымдар бойынша жан-жақты жұмыс істедік. «Атырау Энергосату» АҚ-ы тұтынушылардың қарыздары үшін жарықты ажыратпайтын болды. «Арнаулыавтобаза» ЖШС-гі 148 кәсіпкердің 6,3 млн теңге қарызын төлеу уақытын ұзартты. Сондай-ақ, ірі сауда орындары, базарлардағы жалға алу орындары бойынша келісім жасалды. Атырау облысы кәсіпкерлер палатасының жедел штаб мүшелері Атырау қаласы блок-бекеттеріндегі мән-жайды бақылауда ұстады. Төтенше жағдай кезінде форс-мажор бойынша көптеген өтініш түсті. Оған куәлік ету немесе бас тарту Қазақстанның сыртқы сауда палатасы арқылы жүргізілді. Атырау облысы кәсіпкерлер палатасы өкілдері аталған бағытта да кәсіпкерлерден келіп түскен өтініштерді қарап, түсіндірме жұмыстарын жүргізіп отырды. Республика бойынша Атырау өңірлік кәсіпкерлер палатасына 220-ға жуық арыз келіп түсті.
Жалпы карантиндік шектерулер бизнеске, оның дамуына көп кері әсерін тигізді. Кәсіпкерлердің қазіргі басты мақсаты бар кәсібін қалыпты ұстап қалу. Көркейту, дамытуды жоспарлап жатқан жоқ. Үкімет тарапынан бірқатар қолдау болды. Олар статистикалық есепті мерзімінде өткізбеген кәсіпкерлер әкімшілік жауапқа тартылмады.
Коммуналдық төлемдерді кейін бөліп төлеуге мүмкіндік берді. Бұған дейін жоспарланған тексерулер тоқтатылды. Ірі сауда нысандары, ойын-сауық орталықтары, кинозалдар, театрлар, көрмелер, дене шынықтыру мен сауықтыру және спорт мекемелері, туризм, қоғамдық тамақтану мен қонақ үй саласындағы бизнес мүлік салығынан босатылды. 2020 жылы жеке табыс салығынан босатылды. Әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларына қосымша құн салығы азаяды. Салықтың барлық түрі мен басқа да міндетті және әлеуметтік төлемдерді өтеу мерзімі шілдеге дейін ұзартылады. Қарыздарға өсім есептелмеді және салық, кеден, әлеуметтік төлемдерге өндіріп алуға тоқтам салынды. Банк несиелерін 90 күннен кейін өтеуге рұқсат берілді және несие бойынша өсім алуға мораторий енгізілді. Фермерлерге егіс алқабында жұмыс істеуіне рұқсат берілді.
-Палата кәсіпкерлерге құқықтық, қаржылық қолдаулар көрсетеді. Жалпы Атырауда заңсыздықтарға тап болған бизнес өкілдері көп. Мысалы, әкімшілік кедергілер, банктердегі есеп-шоттарының бұғатталуы, не жер мәселесі. Осындай мәселеде кәсіпкерлер палатасы қолдау көрсете ме?
- Палатаға кәсіпкерлер тарапынан экономика және қаржы, жер қатынастары, қала құрылысы, архитектура, мемлекеттік сатып алу жөнінде мемлекеттік органдарға шағымдар түседі. Біз олардың құқықтары мен заңды мүдделерін қорғауға міндеттіміз.Өткен жылы 270 кәсіпкерден құқығын қорғауға қолдау көрсетуді сұраған арыз түскен. 2 миллиардтан астам теңгені құрайтын мүлікті қорғап қалдық. Ал биылғы бірінші тоқсанда 80-ге жуық адам арызданыпты.
Әкімшілік кедергілерді азайту және шағын кәсіпкерлікті дамыту үшін ынталандырушы жағдайлар жасау мақсатында кәсіпкерлер палатасы Атырау облысының прокуратурасымен бірлесіп, облыстың жүйелік проблемаларын шешу бойынша нақты жұмыстар істеп жатыр.
-Кәсіпорындарға шетелдік мамандармен тәжірибе алмасу мақсатында жыл сайын «Аға сеньорлар» жобасы жүзеге асып тұратын. Биыл бұған мүмкіндік бар ма?
-Кәсіпорындарға шетелдік мамандар мен тәжірибе алмасу мақсатында жыл сайын жүзеге асатын «Аға сеньорлар» жобасы тоқтатылғандықтан 2021 жылдан бастап бұл жоба іске аспайды.
-Соңғы жылдары шағын және орта бизнеске, сондай-ақ, жаңадан ашылған кәсіпке де мемлекет тарапынан қолдау көп. Грант, несие алған кәсіптердің қарқыны қандай? Жалпы атыраулықтардың бизнеске ынтасы қандай?
-Атырау халқының оқуға, кәсібін ашуға деген қызығушылығы жылдан-жылға артып келеді. Мысалы, «Бастау бизнес» жобасы бойынша оқуға қатысқысы келетін үміткерлер саны ұлғайды. Алайда белгіленген жоспардан артық оқыту мүмкіншілігінің болмауынан, сонымен қатар жылда бөлінетін гранттың санының шектеулі болуына байланысты, келесі жылға оқуға қатысып, грант иегері атануға мүмкіндіктері бар. Нақты бизнес ашамын деп өзіне талап қойған адам кәсібін ашып, дамыту үшін басқа да мүмкіндерін қарастырып, бір шешімін табады деп ойлаймыз. Қосымша өзінің қаржысын жұмсап, жеңілдетілген пайызбен несие алуына болады.
Палата жанында «Қарапайым заттар экономикасы» бағдарламасын жүзеге асыруға бағытталған жобалық кеңсе жұмыс жасайды. Жобалы кеңсе кәсіпкерлердің осы бағдарлама бойынша несие алуына қолдау көрсетеді. Осы бағдарлама бойынша облысымызда жалпы соммасы 5 млрд. теңге болатын 45 жоба іске қосылды.
- Төтенше жағдай кезінде де кәсіп ашқандар бар ма?
-Төтенше жағдай кезеңінде шағын және орта бизнесті қолдауға бағытталған бірқатар іс-шаралар іске асты. Осындай жағдайға қарамастан «Бастау бизнес» жобасы бойынша кәсіпкерлік негіздеріне оқытылып, жаңа бизнес-идеяларын іске асырған кәсіпкерлер бар.
-Палатада бизнес-тренерлер бар. Олар аудандар, елді-мекенді аралап бизнеске ынталы кез келген адамды оқытады. Кәсіп ашып алуына жан-жақты қолдау жасайды. Ал осы бизнес-тренерлерді қалай таңдап аласыздар? Оларды кім оқытады?
-ҚР ҰКП «Атамекен» орталық аппараты бизнес-тренерлерді аттестациялау негізінде іріктеу өткізеді. Іріктеуден өткен тренерлерді оқытып, дайындап облыстарға бөледі.
-Қазіргі жас кәсіпкерлерді қандай бизнес түрі көбірек қызықтырады?
-Жас кәсіпкерлерді тігін, дәмханалар, кондитерлік цехтар ашу қызықтырады. Сонымен қатар сауда және қызметтер көрсету саласындағы жобаларға деген қызығушылықтары басым. Көлік және қойма саласындағы жобалар да кездеседі. Ең мақтанарлығы жастардың арасында да ауыл шаруашылығы саласындағы жобаларға қызығушылықтың болуы.
-Сұхбатыңызға рахмет!