Кәсіпкерлер үшін салық жүйесінде нені өзгерту қажет – экономист түсіндірді
Кәсіпкердің айналымы азайса, ҚҚС төлеуші мәртебесінен шығуға бола ма? Оңайлатылған режимдегі кәсіпкерлермен жұмыс істеу неге тиімсіз болып отыр?
Кәсіпорынның тауар айналымы төмендегенімен, қосылған құн салығын (ҚҚС) төлеуші мәртебесінен шығу оңай емес. Шағын жеткізушілермен жұмыс істеу тиімсіз бола бастаған, ал салық құжаттарын рәсімдеу кезіндегі қателіктер кәсіпкерлерге елеулі қиындық тудыруы мүмкін. Экономист Максим Барышевтің пікірінше, Салық кодексіндегі бірқатар норманы қайта қарау қажет. BAQ.KZ-ке берген сұхбатында ол бизнеске кедергі келтіріп отырған мәселелерді атап, кәсіпкерлердің жұмысын жеңілдетуге бағытталған ұсыныстарын ортаға салды.
Сарапшының бағалауынша, салық реформасы жүйені біршама жеңілдеткен. Атап айтқанда, есептілік көлемі 30 пайызға, салық түрлерінің саны 20 пайызға қысқарған. Ал арнаулы салық режимдерінің саны жетіден үшке дейін азайған.
Дегенмен жаңа салық талаптарын түсіну кәсіпкерлер үшін әлі де күрделі. Мәселен, кәсіпкердің ҚҚС төлеуші ретінде тіркелуге міндетті екенін анықтау үшін Салық кодексінің бірнеше бабын қатар зерделеуге тура келеді.
Қарапайым сұрақтың жауабын табу үшін төрт-бес бапты оқып, олардың талаптарын өзара салыстыру қажет, – дейді экономист.
Бұған қоса, заңнамаға жиі өзгеріс енгізілуі де кәсіпкерлерге қосымша салмақ түсіреді. Кәсіп иелері әрбір түзетуді қадағалап, белгілі бір талаптың қай редакциясы қолданыста екенін үнемі тексеруге мәжбүр.
Экономист ұсынған үш негізгі өзгеріс:
Бірінші – тауар айналымы төмендеген жағдайда ҚҚС төлеуші мәртебесінен шығуға мүмкіндік беру.
Қазір ҚҚС бойынша міндетті тіркеу шегі жылына 10 мың АЕК немесе 43,25 миллион теңге болып белгіленген. Айлық есеппен бұл шамамен 3,6 миллион теңге айналымға тең.
Экономистің түсіндіруінше, егер кәсіпорын бір кезеңде белгіленген шектен асып, кейін оның айналымы төмендесе, бұл жағдайдың өзі ҚҚС бойынша есептен шығуға негіз бола алмайды.
Осыған байланысты сарапшы кәсіпорынның айналымы белгіленген межеден төмендеген жағдайда ҚҚС төлеуші мәртебесінен шығу мүмкіндігін қарастыруды ұсынады.
Екінші – оңайлатылған декларациямен жұмыс істейтін кәсіпкерлерден тауар немесе қызмет сатып алатын компанияларға салықтық шегерім жасау құқығын қайтару.
Бұл мәселе жалпыға бірдей салық режиміндегі компанияларға қатысты. Қазір олар оңайлатылған декларация негізінде жұмыс істейтін кәсіпкерлерден сатып алған тауарлары мен қызметтерінің құнын корпоративтік табыс салығын есептеу кезінде шығын ретінде шегере алмайды.
Сондықтан мұндай компаниялар үшін шағын кәсіпкерлермен жұмыс істеу тиімсіз бола бастаған. Экономист осы шығындарды қайтадан салықтық шегерімге жатқызуға мүмкіндік беруді ұсынып отыр.
Максим Барышевтің сөзінше, қолданыстағы тәртіп бойынша мұндай шығындарды корпоративтік табыс салығын есептеу кезінде шегерімге жатқызуға болмайды. Соның салдарынан ірі тапсырыс берушілер үшін шағын жеткізушілермен әріптестік орнату экономикалық тұрғыдан тиімсіз бола түседі.
Экономист сатып алушы компанияларға осындай шығындарды салықтық шегерімге жатқызу құқығын қайта беруді ұсынып отыр.
Сонымен қатар ол оңайлатылған декларация режимінде жұмыс істейтін кәсіпкерлердің заңды тұлғалармен жасайтын мәмілелерінен түсетін табысына 6 пайыздық мөлшерлеме белгілеуді ұсынды. Ал халыққа тауар немесе қызмет сату кезінде қолданыстағы мөлшерлемені сақтаған жөн деп есептейді.
Үшінші – салықтық қателіктер үшін бірден шектеу шараларын қолданбау.
Сарапшының пікірінше, банк шоттарының бұғатталуы немесе электрондық шот-фактураларды (ЭШФ) жазып беру мүмкіндігінің тоқтатылуы шағын кәсіпорындардың жұмысына елеулі кедергі келтіреді.
Егер анықталған заңбұзушылық салықтың толық төленбеуіне әкеп соқпаса, кәсіпкерге бірден шектеу қоймай, алдымен ескерту беріп, қатені түзетуге уақыт ұсыну қажет. Экономист осы тәртіпті заңнамада нақты бекітуді қолдайды.
Салық талаптарын бухгалтерлердің өзі әртүрлі түсінуі мүмкін
Экономистің айтуынша, медициналық салаға қатысты салық нормалары да қосымша түсіндіруді қажет етеді.
Мәселен, дәрі-дәрмек пен медициналық бұйымдарға салынатын ҚҚС мөлшерлемесіне қатысты өзгерістер бар. Сарапшы келтірген мәліметке сәйкес, 2026 жылы бұл тауарларға 5 пайыздық мөлшерлеме қолданылса, 2027 жылдан бастап ол 10 пайызға дейін көтеріледі. Ал медициналық қызметтердің жекелеген түрлері салықтан босатылған.
Қиындық медициналық қызмет көрсетумен қатар дәрі-дәрмек пен медициналық бұйымдарды сататын клиникаларда туындауы мүмкін. Мұндай жағдайда компания бухгалтері мен салық инспекторы қандай операцияға ҚҚС салынатыны, қайсысы салықтан босатылатыны жөнінде жөнінде түсініспеушілік туындауы мүмкін.
Дәрі-дәрмекті шетелден импорттау кезінде де осындай сұрақтар туындайды. Сондықтан салықтық жеңілдіктерді қолдану тәртібін алдын ала нақтылау маңызды.
Бұдан бөлек, сарапшы резидент емес тұлғалармен жасалатын операциялар бойынша электрондық шот-фактураларды рәсімдеу ережелерін де нақтылауды ұсынады.
Тағы бір мәселе – мемлекеттік ақпараттық жүйелердің техникалық ақаулары. Экономист мұндай жағдайларда кәсіпкерлерге айыппұл салмай, міндеттемелерді орындау мерзімін ұзарту мүмкіндігін Салық кодексінде тікелей бекіту қажет деп санайды.
Экономистің пікірінше, кәсіпкерлер үшін қолданыстағы салық мөлшерлемелерін білу ғана емес, олардың алдағы уақытта қалай өзгеретінін алдын ала түсіну де маңызды.
Осыған орай Максим Барышев Салық кодексіне енгізілетін негізгі түзетулерді үш жылда бір реттен жиі емес, бір пакетпен қабылдауды ұсынады. Ал салық мөлшерлемелерінің өзгеру жоспары алдын ала жариялануы керек. Бұл кәсіпорындарға жаңа талаптарға бейімделуге мүмкіндік береді.
Маман мысал ретінде бұрынғы Салық кодексінде болған тәртіпті атап өтті. Оның сөзінше, сол кезде түзетулер 1 шілдеге дейін қабылданып, келесі жылдың 1 қаңтарынан бастап күшіне енетін. Осылайша, кәсіпкерлерге дайындалу үшін шамамен жарты жыл уақыт берілген.
Сондай-ақ сарапшы өңірлердің ерекшелігін ескеруге шақырады.
Қазір оңайлатылған декларация бойынша базалық мөлшерлеме 4 пайызды құрайды. Алайда мәслихаттар оны 2-6 пайыз аралығында белгілеуге құқылы. Экономистің айтуынша, өңірлердің басым бөлігі салық мөлшерлемесін төмендеткенімен, бірнеше облыста қатар жұмыс істейтін компаниялар үшін бұл есеп жүргізуді күрделендіреді.
Сондықтан салықтық өзгерістерді талқылау кезінде өңірлік кәсіпкерлер палаталарының қатысуын күшейту қажет. Сонымен бірге жаңа нормалардың ықпалын тек ірі компаниялар мысалында емес, қарапайым дүкендер, дәмханалар мен шеберханалардың жұмысы арқылы да бағалау маңызды.
Экономист соңғы түзетулер жобасын талқылауға берілген үш апта кәсіпкерлер үшін жеткіліксіз болуы мүмкін екенін айтады. Әсіресе аудандық деңгейдегі кәсіпкерлерге ұсыныстарды зерделеп, оның салдарын бағалап, өз пікірін білдіру үшін көбірек уақыт керек.
Қысқаша айтқанда, ірі бизнес үшін жұмыс істеу жағдайы маңызды болса, шағын бизнеске қарапайымдылық пен тұрақтылық қажет, – деп түйіндеді Максим Барышев.
Еске салсақ, бұған дейін азық-түлікке салынатын ҚҚС 10%-ға дейін төмендеуі мүмкін екені хабарланды.
Тағы оқи отырыңыз: QR төлемдерге ҚҚС салынбай ма: Бұл кәсіпкерлерге қалай әсер етеді? – экономист пікірі