Картоп пюресіндегі телефон: Ақтөбеде заңсыз әрекет әшкереленді
Түрмеге тыйым салынған заттарды кіргізуге әрекеттену оқиғасы тіркелді.
Ақтөбе облысы бойынша Қылмыстық-атқару жүйесі департаментінің №70 мекемесінің (Тергеу изоляторы) қызметкерлері объект аумағына телефон кіргізу әрекетінің жолын кесті, деп хабарлайды BAQ.KZ Polisia.kz-ке сілтеме жасап.
«Тергеудегілердің біріне арналған сәлемдемені тексеру барысында картоп пюресінің ішінен SIM-картасы бар Nokia телефоны табылып, тәркіленді. Тыйым салынған затты беріп жібермек болған азаматқа қатысты әкімшілік материал толтырылды», – делінген хабарламада.
Аталған факт бойынша материалдар тиісті шешім қабылдау үшін сотқа жіберілді.
«Ақтөбе облысы бойынша Қылмыстық-атқару жүйесі департаменті мекемелер аумағына тыйым салынған заттарды кіргізуге әрекеттену Қазақстан Республикасының заңнамасында көзделген жауаптылыққа әкеп соғатынын ескертеді», – деп атап өтті ІІМ.
Еске салайық, бұған дейін ШҚО-да нанға жасырылған телефондар анықталды.