Карьер жыры. Тұрғындардың талабы орындалды
Атырау қаласы Алғабас ауылындағы карьер жұмысы ақыры тоқтады. Кәсіпкердің жұмысы заңсыз екенін әкімдіктегілер де мойындап отыр, деп хабарлайды Атырау облысындағы BAQ.KZ тілшісі.
Ауылдан 1.5 шақырым жердегі карьер осыдан 2 жыл бұрын қазылған. Тұрғындар қарсылық танытып, шу көтергесін жұмыс тоқтапты. Аумақты игеру жуырда қайта жанданғанын естіген жұрт тағы да наразылықтарын білдірген еді. Жүк көліктерін де өткізбейміз деп ашынды олар.
Мен осы ауылдың тұрғынымын.Бізге алдын ала айтпай, мына карьерді қазуды тағы бастады. Көк ала шаңның бәрін біз жұтып отырмыз. Оның зияны көп. Халық қанша шырылдағанымен, биліктегілер құлақ аспайды. Дауысымыз жетер жеріне жетпейді. Ауылдан берекет кетті. Мына карьерді тоқтатсын. Әбден тұншықтық. Жүк көліктері жолды да бүлдірді,-дейді ауыл тұрғыны Оралбай Дәрібаев.
Қала аумағында жайылымдық жер онсыз да тапшы деген бұқара, қазылған карьерге төрт-түлік те құлап өліп жатқанын айтады.
Өзімізге қажет болса, дәл осы жерден топырақ ала алмас едік. Бізге бірден айыппұл тағар еді. Ал компаниялар топырақты тасып жатыр. Біз қарсымыз. Бос тұрған жерді қарапайым халыққа берген дұрыс. Қаншама адам үйсіз жүр. Менде мал жоқ, бірақ малы бар адамдар артынан ілесіп бағып жүруге мәжбүр. Себебі қараусыз қалса, мына карьерге түсіп өледі.Мал өлгеннен кейін отбасын асырай алмайды ғой,- дейді тұрғындардың бірі Айнагүл Бегалиева.
Жергілікті жұрт жиналып, шу шығарғанда әкімдіктегілер кәсіпкердің құжаты түгел, жұмысы заңды деген болатын. Кейін аумақты игеруге алған бизнес иесі ол жерді өзге азаматқа жалға берген көрінеді. Ал ол кәсіпкердің қызметке кірісуге лицензиясы болмай шықты.Сол себепті билік өкілдері карьердегі жұмысты уақытша тоқтату жөнінде шешім шығарды. Оның нақты қашан жалғасатыны, не толық тоқтайтыны әзірге белгісіз.
Кәсіпкер жерді игеруге негізі 100 гектар жер сұрап,өз лицензиясын 2017 жылы алған болатын. Алайда біз оны қысқартып, 35 гектар жер бердік. Халық наразы болғасын ол аумақ көп жылдан бері игерілмей тұрды. Жерді алған лицензиясы бар кәсіпкер, ол аумақты басқа кәсіпкерге жалға берген. Ол жұмысты бастамас бұрын, бізге келіп тіркелу керек еді. Алайда келген кезде құжаты толық болмағасын, мамандар кері қайтарып жіберді. Соған қарамастан ол бизнес иесі жұмысын жүргізе берген. Қазіргі уақытта карьерден топырақ алуды тоқтатты. Біз сондай ұйғарым шығардық,-дейді Облыстық табиғи ресурстар және табиғатты пайдалануды реттеу басқармасы басшысы Нұрлан Жантоқов.
Карьерді игеру жұмысына әзірге уақытша ғана шектеу қойылды. Алдағы уақытта жұмысы жалғаса ма, әлде тоқтай ма белгісіз. Айта кетейік, облыста құрылысқа қажетті топырақ алатын 80-ге жуық карьер бар.