31 Шілде 2026, 13:44 Фото: видеодан алынған кадр

Капоттан 8,5 келі гашиш шықты: Жамбыл облысында Алматыға бет алған жүргізуші ұсталды

«Қордай – Алматы» тасжолында тоқтатылған көліктің капотынан 8,5 келі гашиш табылды. Полицейлер есірткінің қайда жеткізілмек болғанын анықтап жатыр.

Жамбыл облысы Полиция департаментінің Есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл басқармасының қызметкерлері Қордай аудандық полиция бөлімінің қызметкерлерімен бірлесіп, аса ірі көлемдегі есірткі затын тасымалдау дерегінің жолын кесті.

«Қордай – Алматы» автожолында жедел-іздестіру іс-шараларын жүргізу барысында «Chevrolet» маркалы автокөлігі тоқтатылды. Көлікті Сэм атты қызметтік итінің көмегімен тексеру кезінде «капот» бөлігінен полиэтилен пакетке салынған салмағы 8 жарым келіге жуық гашиш табылды. 

Анықталғандай, 55 жастағы азамат есірткіні Алматы қаласына алып бара жатқан. 

Тәркіленген есірткі затының қара нарықтағы құны шамамен 10 миллион теңгені құрайды. Полицейлердің жедел әрекетінің нәтижесінде он мыңдаған адамның өмірі мен денсаулығына қауіп төндіретін аса ірі көлемдегі есірткі заңсыз айналымға жіберілмей, дер кезінде тоқтатылды, - деп хабарлады облыстық Полиция департаменті.

Аталған дерек бойынша Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің 297-бабының 3-бөлігімен сотқа дейінгі тергеп-тексеру басталды. Күдікті уақытша ұстау изоляторына қамауға алынды.

Қазіргі уақытта толық мән-жайды анықтауға бағытталған жедел-іздестіру және тергеу іс-шаралары жүргізілуде.

Сондай-ақ, қызметтік ит Астанаға кіреберісте көліктен есірткі тапқан еді. Есірткі тасымалдады деген күдікпен 40 жастағы жүргізуші ұсталды.

Бұған дейін хабарлағанымыздай, елімізде 10 күнде 760 келі есірткі тәркіленді. Оның ішінде 121 келіден астамы – синтетикалық есірткі. Сонымен қатар 266 келі прекурсор алынды.

Тағы оқи отырыңыз: Аса ірі көлемдегі мефедрон: Жетісуда есірткі қылмысының жолы кесілді