Бүгiн 2026, 16:44 Фото: IRNA

Израиль Иран барлау қызметінің басшысы өлтірілгенін мәлімдеді

Израиль Иран барлау басқармасы басшысының көзі жойылғаны туралы хабарлады.

Иранның барлау министрі Эсмаил Хатиб Израильдің әуе соққысы нәтижесінде қаза тапты. Бұл туралы The IDF мәлім етті, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі. 

Сәрсенбі күні түнде Израиль Әскери-әуе күштері ЦАХАЛ барлау мәліметтеріне сүйене отырып, Тегерандағы нысаналы соққы кезінде Иран режимінің барлау министрі Эсмаил Хатибтің көзін жойды, - делінген Израиль Қорғаныс армиясының (ЦАХАЛ) хабарламасында.

Эсмаил Хатиб Иранның барлау министрі болып 2021 жылы тағайындалған.

БАҚ мәліметтері бойынша, ол Иранның жаңа Жоғарғы көшбасшысы Моджтаба Хаменеиге ең жақын адам болып саналады.

Израиль Қорғаныс министрі Исраэль Кац та бұл ақпаратты жергілікті БАҚ-қа растады. 

Еске салайық, Моджтаба Хаменеи сарапшылар кеңесінің көпшілік дауысымен лауазымға тағайындалды. Дегенмен, тағайындалған алғашқы күні-ақ ол жарақат алды

Айта кетейік, бұған дейін АҚШ пен Израиль Иранға қарсы операция бастады. Тель-Авив бұл шараның мақсаты - Тегеранның ядролық қаруға ие болуына жол бермеу екенін мәлімдеді.

Вашингтон болса Иран флотын, қорғаныс өнеркәсібін жойып жіберетінін айтып сес көрсетті және ел азаматтарын режимді құлатуға шақырды.

Иран Қызыл Жарты ай қоғамының мәліметінше, АҚШ пен Израиль шабуылдарының құрбандарының қатарында Иранның жоғарғы көсемі Әли Хаменеи де бар

Бұған дейін Ақ үй басшысы Дональд Трамп операция бастапқыда жоспарланған төрт-бес аптадан ұзаққа созылуы мүмкін екенін мойындаған болатын.

Сондай-ақ, Иранның жаңа көсемі қалай тірі қалғанын хабарладық.