Бүгiн 2026, 16:38 Фото: ©BAQ.KZ архиві/Арман Мухатов

Италияда қаза тапқан қазақстандық студенттің денесі елге жеткізіледі

СІМ Италияда қаза болған қазақстандық студентке қатысты мәлімдеме жасады.

Италияда көз жұмған қазақстандық студенттің денесі жуық арада елге жеткізіледі. Бұл туралы Сыртқы істер министрлігінің ресми өкілі Ерлан Жетібаев мәлімдеді, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.

Оның айтуынша, ведомство бұған дейін де аталған оқиға жөнінде ақпарат беріп, ресми мәлімдеме жасаған.

Өкінішке қарай, Италияның құзырлы органдары ұсынған ақпаратқа сәйкес, Қазақстан азаматы қайтыс болды. Біздің дипломаттар тарапынан барлық қажетті консулдық-құқықтық көмек көрсетіліп жатыр, – деді Ерлан Жетібаев.

СІМ өкілі қазақстандық тарап марқұмның туыстарымен тұрақты байланыста екенін және қажетті қолдау көрсетіп жатқанын атап өтті.

Маған белгілі болған ақпарат бойынша, мәйіт жуық арада Қазақстанға жеткізіледі, – деді ресми өкіл. 

Еске салайық, бұған дейін Италияда қазақстандық студенттің қаза тапқаны хабарланған болатын. 9 маусым күні Италияның Бриатико қаласында 21 жастағы Қазақстан азаматының денесі жағалаудағы жартастар арасынан табылған.

Оқиғаның мән-жайын жергілікті құқық қорғау органдары анықтап жатыр.

Қайтыс болған азамат Орал қаласындағы Назарбаев Зияткерлік мектебінің түлегі болған. Ол Кассино қаласындағы Unicas университетінің үшінші курсында білім алған.

Сыртқы істер министрлігінің мәліметінше, Қазақстанның Италиядағы елшілігі аталған елдің құзырлы органдарымен бірлесіп, оқиғаның барлық мән-жайын анықтау жұмыстарын жүргізіп жатыр.