23 Қараша 2026, 11:36 Фото: ©BAQ.KZ архиві/Бауыржан Жуасбаев

Италия мен Филиппиннің ортасында: Қазақстан пайдалы модельдер бойынша әлемнің үздік 15 елінің қатарына енді

Қазақстан пайдалы модельдерге берілген өтінімдер саны бойынша әлемде 13-орынға шықты. Бір жылда көрсеткіш 20,5%-ға өскен.

Қазақстан пайдалы модельдерге берілген өтінімдер саны бойынша әлемде 13-орынға ие болды. 2025 жылы елімізде 1 943 өтінім түскен. Бұл алдыңғы жылмен салыстырғанда 20,5%-ға көп. Бұл туралы BAQ.KZ Дүниежүзілік зияткерлік меншік ұйымының (ДЗМҰ) дерегіне сілтеме жасап хабарлайды.

Бұл мәліметтер 18 қарашада жарияланған World Intellectual Property Indicators 2026 жыл сайынғы баяндамасында көрсетілген.

Өтінімдер саны бойынша Қазақстан Италия мен Филиппиннің арасында орналасқан. Италияда 2 126 өтінім тіркелсе, Қазақстанда 1 943, ал Филиппинде 1 918 өтінім түскен.

Қазақстанда берілген өтінімдердің басым бөлігі отандық әзірлеушілерге тиесілі. Жалпы өтінімнің 1 889-ын ел резиденттері, ал 54-ін шетелдік өтініш берушілер жолдаған. Осылайша, өтінімдердің шамамен 97%-ы жергілікті әзірлеушілердің үлесіне тиеді.

Пайдалы модель дегеніміз не?

Пайдалы модель – заңмен қорғалуы мүмкін техникалық шешім. Мысалы, бөлшектің жаңа конструкциясы, жетілдірілген механизм немесе белгіленген талаптарға сай келетін өзге де техникалық әзірлеме пайдалы модель ретінде тіркелуі мүмкін.

Пайдалы модель көбіне мүлде жаңа өнертабыстан гөрі, қолданыстағы құрылғылар мен механизмдерді жетілдіруге қатысты болады.

Патент алу құқық иесіне өзінің техникалық шешімін белгіленген мерзім ішінде басқа тұлғалардың рұқсатсыз коммерциялық пайдалануынан қорғауға мүмкіндік береді.

Қазақстанда қанша патент берілді?

ДЗМҰ мәліметінше, 2025 жылы Қазақстанда пайдалы модельдерге 1 663 патент берілген.

Алайда берілген өтінімдер мен патенттер саны бірдей көрсеткіш емес. Өтінім бір жылы тапсырылып, патент кейінгі жылы берілуі мүмкін.

Халықаралық рейтингте әр елдің патенттік ведомствосына күнтізбелік жыл ішінде түскен өтінімдер саны есепке алынады. Сондықтан Қазақстанның көрсеткішіне отандық және шетелдік өтініш берушілердің өтінімдері де кіреді.

Өтінімдер санының 20,5%-ға артуы бір жыл ішінде Қазақстанның патенттік ведомствосына пайдалы модельдерді құқықтық қорғауға алу үшін жүгінгендердің саны өскенін көрсетеді.

Тағы оқи отырыңыз: Қазақстанның пошта қызметі әлемдік ТОП-50-ге кіріп, Орталық Азияда бірінші орын алды