Бүгiн 2026, 16:11 Фото: ©BAQ.KZ/Сымбат Сатыбалдина

"Ішімдік болды ма?": Алматыдағы қанды апат бойынша сотта куәгер жауабын өзгертті

Сотта куәгер үстелде алкогольдің болған-болмағанын нақты растай алмады.

Алматыда үш адамның өмірін жалмаған жол апатына қатысты сот отырысында куәгер алкогольге қатысты бұрын берген жауабы мен қазіргі жауабында өзгеріс барын мойындап, нақты жауап бере алмады.

Оның сөзінше, 20 наурыз күні отырысқа кеш келгендіктен және адамдармен жақын таныс болмағандықтан, үстелде не тұрғанына назар аудармаған.

Мен алкоголь көрмедім. Бірақ нақты болды немесе болмады деп айта алмаймын. Мен кеш келдім, кім не ішіп отырғанына қарамадым. Бұл мен үшін жай ғана кездесу болды, – деді куәгер.

Алайда сот барысында оған сотқа дейінгі тергеу кезінде берген жауабы оқылып берілді. Тергеу материалдарында куәгер «ешқандай алкоголь болған жоқ» деп нақты айтқан.

Жәбірленуші тарапты адвокаты қазіргі жауабы мен бұрынғы жауабының айырмашылығына назар аударып, қай мәліметті дұрыс деп санауға болатынын нақтылады.

Бұған жауап ретінде куәгер уақыт өте келе өз сөздеріне күмәндана бастағанын жеткізді.

Ол кезде солай айтқан шығармын. Бірақ қазір нақты айта алмаймын. Есімде жоқ, байқамадым. Кейін өзім де ойланып, шынымен алкоголь болды ма, жоқ па деп күмәндана бастадым. Сондықтан қазір ештеңені нақты растай алмаймын, – деді ол.

Сотта куәгер сондай-ақ сотқа дейінгі кезеңде өзінен бірнеше мәрте жауап алынғанын айтып, әртүрлі уақытта берген түсініктемелерінде айырмашылық болуы мүмкін екенін жеткізді.

Осылайша, сот отырысында куәгер алкогольдің болғанын да, болмағанын да нақты растай алмайтынын айтып, адвокат оның тергеу кезіндегі мәлімдемесіне және қазіргі жауабына күмән келтірді.

Еске салайық, бүгін Алматыда 21 наурызға қараған түні үш адамның өмірін жалмаған жол апатына қатысты сот отырысы өтті. Сот куәгерлерден жауап алудан басталды. 

Сонымен қатар, бүгін үшінші жәбірленуші тарап та күдікті Александр Пакқа кешірім бергені белгілі болды.