Иранның жаңа басшысы алғаш рет мәлімдеме жасады
Мемлекеттік теледидар арқылы оқылған үндеуде ол Иранның Ормуз бұғазын бөгеуге құқылы екенін мәлімдеді.
Иранның жаңа жоғарғы басшысы Моджтаба Хаменеи алғаш рет ресми мәлімдеме жасады. Мемлекеттік теледидар арқылы оқылған үндеуде ол Иранның Ормуз бұғазын бөгеуге құқылы екенін мәлімдеді, деп хабарлайды BAQ.KZ ВВС-ге сілтеме жасап.
Хаменеи көршілес елдерге «достық саясат жүргізетінін», бірақ олардан америкалдық әскери базаларды жабуды талап ететінін айтты.
Жаңа басшы Иран азаматтарының қаны үшін «кек алудан» тартынбайтынын және бұл саясат мектепке жасалған шабуылдағы 168 адам, оның ішінде 110 бала қаза тапқан оқиғаларға да қатысты екенін ескертті. Иран бұл оқиғаға АҚШ-ты кінәлайды, ал Вашингтон өз кінәсін жоққа шығарып, тек тергеу жүргізіп жатыр.
Моджтаба Хаменеи 8 наурызда сайланғаннан бері ол қоғамдық шараларға қатыспаған. Бүгінгі мәлімдемесінің де видеосы көрсетілмей, тек дауыс арқылы жеткізілді.
Еске сала кетейік, Моджтаба Хаменеи сарапшылар кеңесінің көпшілік дауысымен лауазымға тағайындалды. Дегенмен, тағайындалған алғашқы күні-ақ ол жарақат алды.
Айта кетейік, бұған дейін АҚШ пен Израиль Иранға қарсы операция бастады. Тель-Авив бұл шараның мақсаты - Тегеранның ядролық қаруға ие болуына жол бермеу екенін мәлімдеді.
Вашингтон болса Иран флотын, қорғаныс өнеркәсібін жойып жіберетінін айтып сес көрсетті және ел азаматтарын режимді құлатуға шақырды.
Иран Қызыл Жарты ай қоғамының мәліметінше, АҚШ пен Израиль шабуылдарының құрбандары кемінде 1000 адамға жеткен. Олардың арасында 1989 жылдан бері елді басқарып келген Иранның жоғарғы көсемі Әли Хаменеи де бар.
Бұған дейін Ақ үй басшысы Дональд Трамп операция бастапқыда жоспарланған төрт-бес аптадан ұзаққа созылуы мүмкін екенін мойындаған болатын.