Иран СІМ: Жаңа жоғарғы көсем Моджтаба Хаменеи жарақат алды
Иран Сыртқы істер министрлігі жаңа жоғарғы көсемнің жараланғанын растады.
Иран Сыртқы істер министрлігінің ресми өкілі Эсмаил Багаи жаңа жоғарғы көсем Моджтаба Хаменеидің АҚШ пен Израильдің Иранға қарсы қақтығысы кезінде жараланғанын растады, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Бұл туралы ол италиялық Corriere della Sera газетіне берген сұхбатында мәлімдеді. Оның айтуынша, жарақатына қарамастан, көсем өзін жақсы сезінуде.
Оның алғашқы жолдауын қашан жасайтынын білмеймін. Көсем лауазымына үш-төрт үміткер болды, бірақ Сарапшылар кеңесі мүшелерінің көпшілігі Конституцияға сәйкес оны таңдады. Бұл жүйені бір адам басқармайтынын көрсетеді, – деп атап өтті ол.
2026 жылғы 28 ақпанда АҚШ пен Израиль Тегерандағы және Иран аумағындағы бірқатар нысандарға, соның ішінде әскери базаларға, командалық пункттерге және ядролық инфрақұрылым нысандарына соққы жасады.
Моджтаба Хаменеи сарапшылар кеңесінің көпшілік дауысымен лауазымға тағайындалды. Дегенмен, тағайындалған алғашқы күні-ақ ол жарақат алды.
Айта кетейік, бұған дейін АҚШ пен Израиль Иранға қарсы операция бастады. Тель-Авив бұл шараның мақсаты - Тегеранның ядролық қаруға ие болуына жол бермеу екенін мәлімдеді.
Вашингтон болса Иран флотын, қорғаныс өнеркәсібін жойып жіберетінін айтып сес көрсетті және ел азаматтарын режимді құлатуға шақырды.
Иран Қызыл Жарты ай қоғамының мәліметінше, АҚШ пен Израиль шабуылдарының құрбандары кемінде 1000 адамға жеткен. Олардың арасында 1989 жылдан бері елді басқарып келген Иранның жоғарғы көсемі Әли Хаменеи де бар.
Бұған дейін Ақ үй басшысы Дональд Трамп операция бастапқыда жоспарланған төрт-бес аптадан ұзаққа созылуы мүмкін екенін мойындаған болатын.