Иран Ормуз бұғазы арқылы мұнай тасымалдауға тосқауыл қоя ала ма?
Иран төңірегіндегі геосаяси ахуалға байланысты Ормуз бұғазының жабылуы туралы қауіп-қатер қайтадан күн тәртібіне шықты. Иран мұнай арналарына тосқауыл болуы мүмкін бе? BAQ.KZ тілшісі зерделеп көрді.
Қауіп қаншалықты шынайы?
Алайда мұнай-газ саласының сарапшысы Олжас Байділдинов бұл сценарийдің іске асуына күмәнмен қарайды.
Сарапшының айтуынша, Ормуз бұғазының толық жабылуы туралы әңгіме алғаш рет көтеріліп отырған жоқ. Бұған дейін де, әсіресе Иран мен Израиль арасындағы шиеленіс күшейген кезеңдерде, осындай қауіптер айтылған. Мәселен, өткен жылы танкерлердің ұсталып қалуы немесе жекелеген кемелерге шабуыл жасалуы тіркелгенімен, бұғаздың өзі физикалық тұрғыдан жабылған жоқ.
Олжас Байділдинов мұның себебін Иранның әрекет ету шегінде түсіндірді. Оның сөзінше, бір мемлекетпен немесе бірнеше елмен саяси текетірес жүргізу – бір басқа, ал халықаралық мұнай тасымалы өтетін негізгі жолдарға қол сұғу – мүлде бөлек мәселе.
Иран сыртқы немесе ішкі саяси қарсыластық аясында белгілі бір қадамдарға баруы мүмкін. Бірақ егер ол халықаралық жеткізу арналарына, оның ішінде Парсы шығанағындағы өзге елдердің мұнай экспортына кедергі келтіре бастаса, бұл автоматты түрде әртүрлі күштердің бірігуіне алып келеді, – дейді сарапшы.
Байділдинов қазіргі кезде айтылып жүрген қауіптердің көбін әсіреленген сценарий деп бағалайды. Оның пікірінше, бұғазды миналау, танкерлерді жаппай басып алу немесе зымыранмен атқылау туралы мәлімдемелер болғанымен, мұның барлығын толық көлемде жүзеге асыру физикалық тұрғыдан мүмкін емес.
Экологиялық тәуекел және мұнай бағасына ықпал
Сарапшы белгілі бір залал келуі ықтимал екенін жоққа шығармайды. Алайда мұндай әрекеттердің салдары тым ауыр болатынын ескертеді. Әсіресе мұнай танкерлеріне шабуыл жасалса, бұл тек әскери немесе экономикалық емес, экологиялық апатқа да ұласуы мүмкін.
Олжас Байділдинов Ормуз бұғазының географиялық ерекшелігіне де тоқталды. Оның айтуынша, бұғаздың ені шамамен 100–150 шақырымды құрайды. Бір қарағанда, ол әртүрлі құралдармен оңай нысанаға алынатындай көрінгенімен, мұндай әрекеттер бүкіл аймаққа ауыр салдар әкеледі.
Бұл экологиялық апатқа алып келеді. Оның зардабы тек Иранға емес, көршілес елдерге де тиеді. Мәселен, Біріккен Араб Әмірліктерінде жағалау аймақтары бұғаздан шамамен 200 шақырымдай ғана қашықта орналасқан, – деп атап өтті ол.
Осы себепті сарапшы Ормуз бұғазы жабылады деген қауіпке сенбейтінін ашық айтады. Оның пікірінше, бұл – көбіне қорқытуға негізделген риторика.
Сол сияқты мұндай сценарий мұнай бағасының күрт өсуіне алып келеді деген болжамдарға да Олжас Байділдинов салқынқандылықпен қарайды. Ол өткен жылды мысалға келтіріп, Иран төңірегіндегі ахуалдың ең шиеленіскен кезеңінде де мұнай бағасы айтарлықтай өспегенін еске салды.
Өткен жылы да жағдай өте күрделі болды. Бірақ соған қарамастан, мұнай бағасы айтарлықтай көтерілген жоқ. Биыл да ахуал оңай емес, дегенмен бағалар өсіп жатқан жоқ, – дейді спикер.
Осылайша, сарапшының пайымынша, Иран мәселесіне байланысты Ормуз бұғазының жабылуын және соның салдарынан мұнай бағасының күрт қымбаттауын күтуге негіз жоқ.
Ормуз бұғазы неліктен стратегиялық маңызға ие?
Ормуз бұғазы Парсы шығанағын Оман шығанағы арқылы Үнді мұхитымен жалғайтын стратегиялық теңіз жолы саналады. Әлемдік мұнай айналымының едәуір бөлігі дәл осы бағытпен тасымалданады. Сондықтан Парсы шығанағында мұнай өндіретін елдер үшін бұл бұғаз сыртқы нарыққа шығудың негізгі арнасы болып отыр.
Бұл теңіз дәлізін тек Иран ғана емес, Сауд Арабиясы, Біріккен Араб Әмірліктері, Кувейт пен Қатар да белсенді пайдаланады. Сол себепті Ормуз бұғазындағы кез келген өзгеріс бір мемлекеттің шеңберімен шектелмей, тұтас аймақтың және жаһандық энергетика нарығының тұрақтылығына әсер етеді.
Бұғаз маңындағы кез келген шиеленіс немесе қауіпке қатысты мәлімдеме халықаралық қауымдастықтың назарын бірден аударады. Өйткені мұнай жеткізілімінде іркіліс болуы мүмкін деген қауіптің өзі әлемдік нарықтағы баға күтулеріне ықпал етеді.
Бұған қоса, Ормуз бұғазы әскери-саяси тұрғыдан да сезімтал аймақ саналады. Мұнда әртүрлі елдердің әскери кемелері тұрақты түрде қатынап жүреді, ал теңіз қауіпсіздігі мәселесі халықаралық күн тәртібінде үнемі талқыланып келеді.
Еске сала кетейік, Иранда экономикалық қиындықтарға байланысты Жаңа жылда наразылық басталған еді. Соның салдарынан қазірге дейін қаза тапқандар саны 2 550 адамға жетті деген ақпарат бар.