Бүгiн 2026, 17:17 Фото: Anadolu agency

Иран экономикасы ауыр дағдарысқа тап болды

Елде миллиондаған адам табыссыз қалуы мүмкін.

Иран экономикасы соғыс салдарынан қатты зардап шекті. Елдің әйгілі кілем өндірісі шоғырланған өңірлерде жұмыс тоқтап қалған. Сүт зауыттары сүт пен майға арналған қаптама таба алмай қинала бастаған. Бұрын ел экономикасының қозғаушы күші болған ірі металлургия зауыттары да тынышталып қалған, деп жазады AP News.

Бес аптадан астам уақытқа созылған АҚШ пен Израильдің әуе шабуылдары кезінде мыңдаған зауыт нысанаға алынған. Соның салдарынан жүздеген мың адам жұмыссыз қалып, тағы миллиондаған адам табыссыз қалуы мүмкін.

Бағаның күрт өсуі де халықтың жағдайын қиындатып жіберген. Соңғы бір айда тауық еті 75 пайызға қымбаттаған. Сиыр еті мен қой еті бағасы 68 пайызға өскен. Көптеген сүт өнімдерінің құны екі есеге дейін көтерілген.

АҚШ Иран порттарын бұғаттап, импорт пен мұнай экспортын тежеп отырғаны жағдайды одан әрі ушықтыруы мүмкін. Бұл ел бюджетіне миллиардтаған доллар кіріс әкелетін негізгі арналардың бірі.

Экономикалық қысым бұған дейін де жаппай наразылықтарға себеп болған. Сарапшылар енді әлеуметтік толқулар қайта күшеюі ықтимал екенін айтады.

Сонымен қатар, Иранның жаһандық экономикаға ықпал ететін өз тетігі бар. Бұл – Ормуз бұғазы. Иран билігі соғыс тоқмайынша әлемдік энергетика үшін маңызды осы теңіз жолын ашпайтынын мәлімдеген.

Иранның Еңбек министрінің орынбасары Голамхоссейн Мохаммади мемлекеттік БАҚ-қа берген мәліметінде, соғыс салдарынан кемінде 1 миллион жұмыс орны жойылғанын айтты.

Ал ирандық экономист Хади Кахальзаденің сөзінше, жалпы зардап 10-12 миллион жұмыс орнына қауіп төндіруі мүмкін. Бұл – елдегі еңбек нарығының шамамен жартысы.

Еске салайық, бұған дейін Макрон Иранмен диалогты қайта бастау ниеті туралы мәлімдеген болатын. Сонымен қатар, АҚШ Иранның мұнай жүйесі күйреудің алдында тұрғанын айтып, келіссөз шарттарын қатаңдатты.