9 Қараша 2026, 18:29 Фото: eurasiatoday.ru

Иран Әзербайжанға наразылық білдірді: 14 азаматқа қатысты шешім дау туғызды

Тегеран Бакудің шешімін достық қадам деп санамайды. Иран елшіні Сыртқы істер министрлігіне шақырып, ресми наразылығын жеткізді.

Иран Сыртқы істер министрлігі Әзербайжанның 14 Иран азаматын «жағымсыз тұлғалар» деп жариялауына қатысты мәлімдеме жасады. Тегеран бұл шешімді достық қадам деп санамайтынын жеткізіп, ресми наразылығын білдірген.

APA.AZ ақпарат агенттігінің хабарлауынша, бұл туралы Иран Сыртқы істер министрлігінің ресми өкілі Исмаил Бегаи баспасөз мәслихатында мәлімдеді.

Оның айтуынша, Иран тарапы Әзербайжанның аталған шешімін құптамайды. Бегаи 14 азаматтың ешқайсысы дипломат емес екенін және олардың Әзербайжан аумағында болмағанын алға тартты.

Жалпы, Иранның 14 азаматын «жағымсыз тұлғалар» деп жариялаудың мәні жоқ. Өйткені олардың ешқайсысы дипломат емес әрі Әзербайжан Республикасының аумағында болмаған. Алайда бұл қадамды достық әрекет деп те айта алмаймыз, – деді Иран СІМ өкілі.

Сондай-ақ Исмаил Бегаи осы мәселеге байланысты Әзербайжан тарапына ресми наразылық білдірілгенін хабарлады.

Біз наразылығымызды ашық білдірдік. Тегерандағы Әзербайжан елшісі Сыртқы істер министрлігіне шақырылып, оған біздің наразылық ұстанымымыз жеткізілді. Алдағы уақытта да қажет деп тапқан шараларды қабылдап, бұл туралы хабарлаймыз, – деді ол.

Еске салайық, 3 қарашада APA агенттігі Әзербайжан билігінің 14 Иран азаматын «жағымсыз тұлғалар» тізіміне енгізгені туралы ақпарат таратқан болатын. Иран СІМ-інің соңғы мәлімдемесі осы шешімге қатысты Тегеранның ресми ұстанымын білдіреді.

Тағы оқи отырыңыз: Әзербайжан президентінің атынан Түркияда жалған мәлімдемелер тарады