4 Тамыз 2026, 00:33 Фото: depositphotos.com

Иран АҚШ-пен келіссөз жүргізіп жатқанын жоққа шығарды

Бұл мәлімдеме АҚШ президенті Дональд Трамптың Вашингтон мен Тегеран арасындағы жаңа келіссөздер 4 тамызда басталатыны және осыған байланысты Иранға жоспарланған соққыларды кейінге қалдырғаны туралы сөзінен кейін жасалды.

Иран АҚШ-пен тікелей келіссөз жүргізіп жатқанын жоққа шығарып, қазіргі таңда Оманмен Ормуз бұғазы арқылы коммерциялық кеме қатынасын қалпына келтіру мәселесі бойынша келіссөздер жүргізіп жатқанын мәлімдеді.

ВВС-дің хабарлауынша, бұл мәлімдеме АҚШ президенті Дональд Трамптың Вашингтон мен Тегеран арасындағы жаңа келіссөздер 4 тамызда басталатыны және осыған байланысты Иранға жоспарланған соққыларды кейінге қалдырғаны туралы сөзінен кейін жасалды.

Тегеран АҚШ-пен келіссөз жоспарланбағанын атап өтті. Бұған жауап ретінде Трамп Иран билігін «екіжүзді» деп атап, Truth Social желісінде олардың бір жағынан келіссөзге ұмтылып, екінші жағынан оны жоққа шығарып отырғанын сынға алды.

Трамптың айтуынша, Ормуз бұғазы бойынша келісімнің негізгі шарттары келісілген және келесі кезеңде Иранның ядролық бағдарламасына қатысты мәмілеге қол жеткізу көзделіп отыр. Ол сондай-ақ Сауд Арабиясы, Қатар және Біріккен Араб Әмірліктері Вашингтонды әскери соққыдан бас тартуға шақырғанын айтты.

Трамптың мәлімдемесінен кейін Азиядағы сауда барысында мұнай бағасы төмендеді. Brent маркалы мұнай шамамен 4,5%-ға арзандаса, америкалық WTI мұнайы 4,6%-ға төмендеді.

Ормуз бұғазы арқылы әлемдік мұнай мен сұйытылған табиғи газдың шамамен 20%-ы тасымалданады. Сарапшылардың айтуынша, аймақтағы шиеленіс теңіз тасымалына қауіп төндіріп, жаһандық энергетикалық нарыққа ықпалын сақтап отыр.

Бұған дейін Трамп АҚШ пен Иранның келіссөз үстеліне қайта оралатынын мәлімдеген еді.