Ипотекалық несиені қайта қаржыландыру жайында не білесіз?

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Биыл 28 мыңнан астам қазақстандық ипотекалық несиелерін қайта қаржыландыру мүмкіндігіне ие болды. Бұл туралы Қаржы нарығын реттеу агенттігінің баспасөз қызметі хабарлады.

Агенттік мәліметіне сүйенсек, ипотекалық қарыз алушылардың жалғыз баспанасын сақтап қалу, борыш жүктемесін азайту мақсатында 2015 жылдан бастап Қазақстан Ұлттық Банкі Агенттікпен бірлесіп Ипотекалық тұрғын үй қарыздарын қайта қаржыландыру бағдарламасы жүзеге асырылады.

Бағдарлама үш бағыт бойынша қайта қаржыландырады. 

Бірінші бағыт бойынша 2004 – 2009 жылдар аралығында берілген және жалғыз баспанамен қамтамасыз етілген ипотекалық қарыздарды қайта қаржыландыру көзделген.

Бағдарламаның бірінші бөлігін іске асыруға Қазақстан Ұлттық Банкі 130 млрд теңге бөлді. Қарыз алушы үшін қайта қаржыландырылатын қарыз бойынша сыйақы мөлшерлемесі жылдық 3%-дан аспайтын мөлшерде белгіленеді.

1 қазандағы жағдай бойынша, бірінші бағыт бойынша қайта қаржыландыруға 34,5 мың өтінім берілді, оның ішінде 177,5 млрд теңге сомаға 28,4 мың қарыз мақұлданды, 164,7 млрд теңге сомаға 27,4 мың қарыз қайта қаржыландырылды. Екінші бағыт ол ипотеканы доллармен алған азаматтардың несиесін теңгеге ауыстыруды көздейді. 2016 жылғы 1 қаңтарға дейін берілген валюталық ипотекалық қарыздарын Ұлттық Банктің 2015 жылғы 18 тамыздағы бағамы (бір АҚШ доллары үшін 188,35 теңге) бойынша теңгемен қайта қаржыландырады.

Бағамдық айырманы өтеу үшін банктерге 114,4 млрд теңге бөлінді. Халықтың әлеуметтік осал топтарына жататын қарыз алушы үшін қайта қаржыландырылатын қарыз бойынша сыйақы мөлшерлемесі жылдық 3% мөлшерінде, өзге қарыз алушылар үшін 12% мөлшерінде белгіленеді 

1 қазандағы жағдай бойынша бағдарламаның екінші бөлігі шеңберінде қайта қаржыландыруға 9,8 мың өтінім берілді, 7,9 мың қарыз қайта қаржыландырылды. 

Бағдарламаның үшінші бөлігі ағымдағы жылдың басынан бастап іске асырылуда және қарыздары халықтың әлеуметтік осал тобы санаты бойынша бұрын қайта қаржыландырылған ипотекалық қарыз алушыларды, сондай-ақ ипотекалық қарыздар бойынша міндеттемелерді орындау есебінен жалғыз тұрғын үйі банктердің балансына өткен азаматтарды қолдауға бағытталған.

Банктерге осы санатқа  жататын қарыз алушының қаржылық және әлеуметтік жай-күйін талдау негізінде негізгі борышты азайту, 20 000 теңгеден ай сайынғы төлеммен жеңілдік кестелерін белгілеу және қарыз алушының табысын ең төменгі күнкөріс деңгейінен төмен емес сақтау түрінде борыш жүктемесін жеңілдетудің қосымша тетіктерін жеке тұрғыдан қолдану құқығы берілді.

Банктердің шығыстарын өтеу үшін Ұлттық Банк 44,6 млрд теңге бөлді.

Ипотекалық қарыз алушыларға қосымша көмек көрсету мерзімі 2021 жылғы 1 шілдеге  дейін белгіленген.

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға
Өзгелердің жаңалығы