Ипотека, баға және нарық: Елдегі жаңа шешім экономикаға қалай әсер етеді?

Экономист Бауыржан Ысқақ Ұлттық банктің базалық мөлшерлемені 18%-ға көтеруін инфляцияны тежеуге бағытталған, бірақ кешігіңкіреп қабылданған шешім деп бағалады, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.

Бұл – агрессивті, бірақ логикалық қадам. Соңғы айларда инфляция күшейіп, нақты мөлшерлеме теріс аймаққа түсті. Сарапшылар да базалық мөлшерлеменің көтерілуі мүмкін екенін болжаған еді, – деді ол.

Ысқақтың пікірінше, инфляция бірнеше ай бойы болжамнан асып келгендіктен, орталық банк шешімді ертерек қабылдауы қажет болған. Дегенмен реттеуші асыра қатаңдатудан сақтанып, күтпеген соққы әсерін ескерген.

Кешігіп қалды деген сын бар, бірақ бұл қадам саясатты қалыпқа келтіруге бағытталған, – деді экономист.

Азық-түлік бағасы қысқа мерзімде төмендемейді

Базалық мөлшерлемені көтеру сұранысты азайтып, инфляцияны біртіндеп тежейді. Алайда экономистің айтуынша, азық-түлік инфляциясы көбіне логистика, өндіріс шығындары және жаһандық нарықтағы бағаға тәуелді.

Мөлшерлеме көтеру жалпы инфляцияны бәсеңдетуге көмектеседі, бірақ азық-түлік бағасына әсері шектеулі болады, – дейді Ысқақ.

Несие қымбаттайды, бизнеске қысым артады

Мөлшерлеменің өсуі ипотека мен тұтынушылық несиелердің қымбаттауына әкеледі. Бұл халық пен бизнестің несие алу мүмкіндігін төмендетеді.

Айнымалы мөлшерлемелі несиелері бар азаматтар үшін ай сайынғы төлем көбейеді. Кей бизнес жобалардың рентабельділігі төмендеп, жаңа инвестициялар кейінге қалуы мүмкін, – дейді экономист.

Ең көп зардап шегетін салалар – құрылыс, тұтыну нарығы, шағын және орта бизнес, сондай-ақ капитал сыйымдылығы жоғары өндірістер.

Экономикалық өсім баяулап, теңгеге қысқа мерзімді қолдау күтіледі

Ысқақтың айтуынша, қарыз қаражатының қымбаттауы экономикалық өсімнің 6,5%-дан төмендеуіне әкелуі ықтимал. Дегенмен мұнай экспорты және өндіріс секторы өсімді біршама ұстап тұр.

Қысқа мерзімде теңгеге бұл шешім оң әсер етуі мүмкін. Себебі жоғары мөлшерлеме шетелдік капитал үшін тартымды. Бірақ ұзақ мерзімде бәрі экономикалық өсім мен сыртқы кірістерге байланысты, – деп түсіндірді экономист.

Сарапшының пікірінше, Ұлттық банк атап өткен инфляциялық спираль қаупі шынайы.

Бұл – бағаның өсуі жалақыны, ал жалақының өсуі бағаны қоздыратын шеңбер. Мұндай жағдайда азаматтардың табысының сатып алу қабілеті төмендеп, тұрмыс шығыны артады, – дейді Ысқақ.

Инфляцияның негізгі себептері

Экономист инфляцияның жеделдеуін бірнеше фактормен байланыстырды:

  • ішкі сұраныстың күшеюі мен бюджеттік шығындардың артуы;
  • импорттық бағаның өсуі және теңге бағамының ауытқуы;
  • жаһандық азық-түлік және энергетикалық нарықтағы өзгерістер.

Қазір ішкі сұраныс пен сыртқы факторлар негізгі рөл атқарып тұр, – деп түсіндірді сарапшы.

Мөлшерлеме тағы көтерілуі мүмкін

Егер инфляция алдағы айларда бәсеңдемесе, Ұлттық банк қосымша қатаңдату шараларын қабылдауы мүмкін.

Мөлшерлеме жоғары деңгейде кемінде жарты жылдан бір жылға дейін сақталуы ықтимал. Банк инфляция тұрақты төмендемейінше, жұмсарту саясатына бармайды, – дейді экономист.

Бауыржан Ысқақ ақша-несие саясатының өзімен шектелмей, Үкімет пен Ұлттық банк фискалдық және құрылымдық шараларды қатар қолдануы керек екенін айтты:

  • бюджеттік тәртіпті сақтау,
  • азық-түлік жеткізілімін жақсарту,
  • валюталық тұрақтылықты қорғау,
  • бәсекені арттыру және баға саясатын бақылау,
  • инфрақұрылымды дамыту және нақты секторға қолдау көрсету.

Монетарлық шаралармен қатар, осы бағыттарда жүйелі жұмыс жүргізілсе ғана инфляцияны тұрақтандыруға болады, – деді экономист.

Айта кетейік, Ұлттық банк базалық мөлшерлемені 18%-ға дейін көтерген еді. Осыған орай Ұлттық банк төрағасы Тимур Сүлейменов "Елімізде енді үй бағасы қымбаттап кетпей ме?" деген сауалға жауап берді.

Сондай-ақ Тимур Сүлейменов қазақстандықтардың банктерден ипотека рәсімдеу кезінде кездесіп жатқан қиындықтарға қатысты пікір білдірді.

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға
Өзгелердің жаңалығы