Инфляция 11%-ға дейін баяулады: Ұлттық банк теңгенің қалай нығайғанын түсіндірді
Наурызда әлемде геосаяси шиеленіс жалғасып, шикізат нарығы құбылмалы болды.
Наурыз айында әлемдік нарықтағы тұрақсыздыққа қарамастан, Қазақстан экономикасында оң үрдістер сақталды. Бұл туралы Үкімет отырысында Ұлттық банк төрағасының бірінші орынбасары Ерұлан Жамаубаев мәлімдеді, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Үкімет отырысында сөз сөйлеген Ерұлан Жамаубаевтың айтуынша, наурыз айында жаһандық деңгейде геосаяси шиеленіс жалғасып, шикізат нарығында құбылмалылық байқалған.
Наурыз айында әлемде геосаяси шиеленіс жалғасып, шикізат нарығы құбылмалы болды. Дегенмен, ішкі экономикада оң үрдістер бар. Наурыз қорытындысы бойынша іскерлік белсенділік индексі 49,5 тармақты көрсетті, ол – бейтарап мәндерге жақын. Өндіріс пен қызметтер бойынша іскерлік белсенділік оң аймақта сақталды. Олардың индексі тиісінше 50,5 және 50,7 тармақ болды. Бизнес-климат индексі жақсарып, 7,6 тармақты көрсетті. Қазіргі ахуал оң бағаланып отыр, – деді ол.
Сонымен қатар инфляция көрсеткіштеріне де тоқталды.
Наурызда жылдық инфляция төмендеп, 11% деңгейінде қалыптасты. Азық-түлік тауарлары бағасының өсуі ең көп үлес қосты. Кейбір тамақ өнімдерінің әлемдегі жоғары бағасына және ішкі өндірістегі шығынның өсуіне байланысты жылдық көрсеткіш 11,7%–ті құрап отыр. Азық-түлікке жатпайтын инфляция – 11,3%, ақылы көрсетілетін қызмет инфляциясы – 10%, – дейді Жамаубаев.
Оның айтуынша, инфляцияның баяулауы бірқатар факторларға байланысты.
2025 жылғы қазаннан бастап жылдық инфляцияның баяулауы байыпты қатаң ақша-кредит саясатына, теңге бағамының нығаюына, сондай-ақ Үкіметтің дағдарысқа қарсы шараларына, атап айтқанда, тұрғын үй-коммуналдық қызметтер тарифі мен жанар-жағармай құнының көтерілуіне қойылған мораторийге байланысты болды. 2026 жылғы 6 наурызда Ұлттық Банк базалық мөлшерлемені 18% деңгейінде сақтау туралы шешім қабылдады. Бұл шешім алтын-валюта операцияларын теңестірумен («айналаумен»), ең төмен резервтік талаптарды қайта қараумен, макропруденциялық шараларды, сондай-ақ Үкіметпен бірге инфляцияға қарсы кешенді шараларды қабылдаумен қатар бағалардың өсуін тежеуге ықпал етеді, – дейді ол.
Бірінші орынбасар теңге бағамының нығаюына әсер еткен факторларды да атады.
Жыл басынан бері теңге бағамы 1 доллар үшін 478,2 теңгеге дейін 5,5%-ке нығайды, – дейді Жамаубаев.
Оның сөзінше, бұған жаһандық мұнай нарығындағы жағдай, теңгедегі активтердің инвестициялық тартымдылығының артуы және шетел валютасына сұраныстың төмендеуі әсер еткен. Сондай-ақ төлем балансы көрсеткіштері туралы мәлімет берілді.
Биыл шот тапшылығы сауда балансы профицитінің кемуіне байланысты 2024 жылғы 6,8 млрд доллардан былтыр 12,5 млрд долларға дейін ұлғайды. Тауарлар мен қызметтер экспорты өткен жылдың деңгейінде сақталып, 90,1 млрд долларды құрады. Тауар экспортының төмендеуі қызмет экспортының өсуімен өтелді. Тауар мен қызмет импорты 80,3 млрд долларға дейін 9%-ке өсті. Өсуге негізінен өнеркәсіп тауарларын сатып алу себеп болды. Кіріс балансының тапшылығы негізінен шикізат экспортының таза пайдасының төмендеуі есебінен 22,3 млрд долларға дейін 4%-ке қысқарды. Осыған қарамастан, бейрезиденттерге төленетін төлемнің көлемі жоғары деңгейде қалып отыр. Бұл төлем балансына белгілі бір деңгейде тежеу болды, – дейді ол.
Жамаубаев халықаралық резервтерге де тоқталды.
Жалпы халықаралық резервтер наурыздың соңында 129,5 млрд долларға жетті. Ұлттық Банктің алтын-валюта резервтері 67,2 млрд долларға дейін 2,7%-ке ұлғайды, Ұлттық қордың активтері 2,5%-ке азайып, 62,3 млрд доллар болды. Бірінші тоқсанда Қорға келіп түсетін түсімдер 184 млрд теңге, ал Ұлттық қордан республикалық бюджетке берілетін трансферт көлемі – 800 млрд теңге болды. Жыл басынан бері Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорының зейнетақы активтері 25,8 трлн теңгеге дейін 2,6%-ке өсті. Инвестициялық табыс көлемі 271,4 млрд теңгеге жетті, – дейді Ұлттық банк төрағасының бірінші орынбасары.
Еске салайық, бұған дейін Қазақстан экономикасы 3 айда қалай өскені туралы жазылды.