Инфекциялық емес ауруларды азайту жолдары белгілі болды
Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Бұл туралы «Денсаулық» ұлттық қауымдастығының өкілі мәлімдеді.
Халық арасында инфекциялық емес аурулардың пайда болу қаупін азайту үшін атмосфераға қауіпті шығарындыларды шығаратын автокөліктерге сараланған салықты қолдану және халықты автомобильдерден бас тарту қажет. Сонымен қатар қоғамдық көліктерге, велосипедтерге, метрополитен мен электр көліктеріне көшуге белсенді ынталандыру керек. Бірақ дамыған маршруттық желісі бар барлық ыңғайлы заманауи автобустар қала бойынша жүруі керек. Тек қала орталығында ғана емес, велосипед жолдарының шақырымдарын ұлғайтқан абзал, - деді «Денсаулық» ұлттық қауымдастығының инфекциялық емес аурулардың қауіп факторларын төмендету жөніндегі басшысы Бақыт Түменова.
Көлік әлемдегі көмірқышқыл газының ең үлкен көзі екені белгілі. Әрі парниктік газдардың төрттен бір бөлігін шығаруға себеп болады. Сарапшылардың айтуынша, автокөліктерден шығатын шығарындылар терінің аллергиялық тітіркенуінен бастап жүрек және демікпе сияқты созылмалы респираторлық ауруларға дейін бірқатар денсаулыққа зиян келтіруі мүмкін.
Елімізде 2019 жылы көліктен парниктік газдар эмиссиясы 26,5976 мың тонна көмірқышқыл газының баламасын құраған. Оған негізгі себеп – ел автопаркінің қарқынды өсуі дейді ғалымдар. 1990 жылы 1 278 800 бірлік автокөлік болса, 2019 жылға қарай олардың саны 4 есеге өсіп, 4 325 300 бірлікке жеткен. 3 жылға толмаған автомобильдердің үлесі 11%-ды құрады. Ал зауыттан шыққанына 10 жылдан асқан ескі машиналардың үлесі жоғары деңгейде, 64%-ға тең.