Іле Алатауына биыл 450 мыңнан астам турист келген
Almaty Superski Шымбұлаққа түсетін жүктемені азайтпақ.
Іле Алатауы ұлттық паркінде туристік инфрақұрылымды дамыту және келушілер ағынын реттеу жұмыстары жүргізіліп жатыр, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Іле Алатауы ұлттық паркінің бас директоры Елнұр Ахметовтің айтуынша, жыл сайын Шымбұлаққа 1,5 миллионға дейін адам келеді. Туристер ағынының артуы Медеу мен Шымбұлақ бағытындағы көлік инфрақұрылымына салмақ түсіріп, қызмет сапасына және демалушылардың сапардан алған әсеріне кері ықпал етуі мүмкін. Осыған байланысты ұлттық парк аумағында инфрақұрылымды жүйелі түрде дамыту және жүктемені азайту бағытында жұмыс қолға алынған.
2025 жылы Іле Алатауы ұлттық паркіне 945 993 турист келген. Ал биылғы 5 айда келушілер саны 450 мыңнан асқан.
Елнұр Ахметов Almaty Superski тау шаңғы курортын дамыту Шымбұлақ курортына түсетін жүктемені азайтуға мүмкіндік беретінін айтты.
Қазіргі уақытта шартқа сәйкес Іле-Алатауы ұлттық паркінде Kazakh Tourism Development компаниясының жұмыстарымен танысып, бірқатар жобалық жұмыс жүргізіліп жатыр. Кейбір жобалық жұмыстар әлі аяқталған жоқ. Оның ішінде орман-патологиялық зерттеу жұмыстары бар. Мұның барлығы қадағалауда болады. Қандай жұмыс жүргізілсе де, ұлттық парк әкімшілігімен келісілген түрде, бекітілген режимге сәйкес атқарылады. Сол бойынша бақылау жүргізіледі, – деді Елнұр Ахметов.
Ұлттық парк басшысының сөзінше, кез келген жоба табиғатты қорғау талаптары мен белгіленген режим сақтала отырып іске асырылуы тиіс. Жұмыстар ұлттық парк әкімшілігінің келісімімен және бақылауымен жүргізіледі.
Бұған дейін Алматыда Almaty Superski жаңа тау курортының жобасы таныстырылған еді.