ІІМ: Қазақстанда интернет-алаяқтық 21%-ға азайды
Ресми дерекке сәйкес, 2026 жылдың тоғыз айында Қазақстанда тіркелген интернет-алаяқтық деректері 19 мыңнан 15 мыңға дейін азайған. Қылмыстардың ашылу көрсеткіші 29%-ға өскен.
Қазақстанда жыл басынан бері интернет-алаяқтық деректері өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 21%-ға азайды. Ал мұндай қылмыстардың ашылу көрсеткіші 29%-ға жетті. Жаздың үш айында полиция 1 595 киберқылмысты анықтап, бұрын жасалған 917 қылмыстың бетін ашты, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Бұл туралы Орталық коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз мәслихатында ҚР ІІМ Киберқылмысқа қарсы іс-қимыл департаментінің бастығы полиция полковнигі Жандос Сүйінбай мәлімдеді.
Жыл басынан бері тіркелген интернет-алаяқтық деректері 21%-ға азайды. Өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда қылмыстардың ашылу көрсеткіші 29%-ға өсті. Ашылмаған қылмыстық істер саны 12%-ға төмендеді, – деді ол.
Үш айда 724 адам ұсталды
1 шілде мен 30 қыркүйек аралығында полиция киберқылмысқа қарсы жедел-профилактикалық іс-шара өткізді. Оның нәтижесінде 1 595 киберқылмыс анықталып, бұрын жасалған 917 қылмыс ашылды.
Бұл қылмыстарға қатысы бар деген күдікпен 724 адам ұсталды. Олардың қатарында 22 шетел азаматы бар. 97 адам қамауға алынды, іздеуде жүрген сегіз адам ұсталды. Бұдан бөлек, 1 242 іс бойынша тергеу аяқталды, – деді Жандос Сүйінбай.
Полиция интернет кеңістігін тұрақты бақылауда ұстайды. Тоғыз айда құқыққа қайшы мазмұны бар 82 мыңға жуық интернет-ресурс анықталып, бұғаттауға жолданған. Сонымен қатар халық арасында киберқылмыстың алдын алуға бағытталған түсіндіру жұмыстары жүргізіліп жатыр.
Байланыс операторларымен бірлесіп, алаяқтардың телекоммуникациялық инфрақұрылымға қол жеткізуіне тосқауыл қойылады. Сондай-ақ дайындалып жатқан терактілер туралы көрінеу жалған ақпарат тарататын адамдарды анықтау жұмыстары жүргізіледі.
Чехиядан қазақстандықтардың дербес деректері анықталды
Азаматтардың жеке деректерін заңсыз жинау және тарату мәселесі де өзекті болып отыр. Мамыр айында Қазақстан полициясы Чехияның құқық қорғау органдарымен бірлесіп, осындай деректерді таратуға қатысы бар халықаралық арнаны анықтады.
Тергеу аясында Усти-над-Лабем, Астана, Алматы және Қарағанды қалаларында іске қатысы бар алты адамның тұрғылықты мекенжайында тінту жүргізілді. Олардың барлығы – Қазақстан азаматтары. Қылмыстық схеманың тікелей үш ұйымдастырушысы ұсталып, қамауға алынды. Тергеу жалғасып жатыр, – деді ІІМ өкілі.
Кибералаяқтарға қарсы заңнама күшейтілді
Соңғы екі жылда ІІМ басқа мемлекеттік органдармен бірлесіп, онлайн-кредит беру және SIM-карталарды тіркеу талаптарын күшейтті.
Алдағы уақытта Қазақстанның басқа мемлекеттермен киберқылмысқа қарсы күрестегі ынтымақтастығы жеделдеуі мүмкін.
Өткен аптада Мемлекет басшысы біз әзірлеген Қазақстан Республикасының Киберқылмысқа қарсы күрес туралы Еуропа Кеңесінің конвенциясын ратификациялау туралы заңына қол қойды. Бұл конвенцияға қатысушы елдермен жедел өзара іс-қимыл жасауға және ақпарат алмасуға мүмкіндік береді. Бұдан бөлек, БҰҰ-ның Киберқылмысқа қарсы күрес туралы конвенциясын ратификациялау жөніндегі заң жобасы әзірленді. Қазір ол Құрылтайдың қарауына енгізілді, – деді Жандос Сүйінбай.
Оның айтуынша, қабылданған шаралар киберқылмысқа қатысты жағдайды тұрақтандырып, интернет-алаяқтық деректерінің азаюына ықпал еткен.
ІІМ азаматтарға растау кодтарын және аккаунтқа кіруге арналған деректерді бөгде адамдарға бермеуге кеңес береді. Егер қоңырау немесе ақша аудару күмән тудырса, бірден полицияға және өз банкіне хабарласу қажет.
Тағы оқи отырыңыз: Тергеуден шыққан шенеунік өлі табылды: Қоштасу хатын жазып қалдырған