ІІМ өкілі: Алаяқтарды 11 млн теңге айыппұл немесе 4 жыл түрме күтеді
Бұл туралы Ішкі істер министрлігінің киберқылмысқа қарсы күрес орталығы бастығының орынбасары Рүстем Дүйсетаев мәлімдеді, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Айтуынша, елде банк немесе құқық қорғау органдары қызметкерлерінің атынан жасалатын алаяқтық толастамай тұр.
Қазіргі уақытта банк немесе құқық қорғау органдары қызметкерлерінің атынан жасалған алаяқтық ерекше алаңдаушылық тудырады. Аталған тәсілмен жыл басынан бері 3 мыңнан астам алаяқтық жасалды. Тіркелген істерді талдау көрсеткендей, осындай жағдайларда алаяқтар абоненттік нөмірді ауыстыруға арналған арнайы сервистерді белсенді пайдаланады. Яғни орнатылған бағдарламаның көмегімен шынайы абоненттік нөмір басқасына өзгереді, - деп атап өтті орталық өкілі.
Сондай-ақ ол алаяқтардың қандай тәсілмен әрекет ететініне тоқталды.
Әлеуметтік инженерия әдістерін қолдана отырып, алаяқтар шоттағы күдікті операциялар немесе несие алуға әрекет туралы хабарлайды. Көбінесе олар өздерін полиция немесе прокуратура қызметкерлері ретінде ұсынады және Банктің жосықсыз қызметкерлерін ұстау бойынша арнайы операция жүргізіліп жатқанын хабарлайды. Ақшаның сақталуын қамтамасыз ету үшін азаматтарды шоттан не депозиттен ақшаны кейіннен ұрланған ақшаны одан әрі аудару не қолма-қол ақшаға айналдыру үшін пайдаланылатын қауіпсіз «сақтандыру» шотына аударуға көндіреді. Азаматтарды қолдарында бар мүлікті (пәтер, автокөлік) кепілге қоюға немесе сатуға көндірген жағдайлар тіркелген, - деді Рүстем Дүйсетаев.
Белгілі болғандай, заң алаяқтарды аямайды.
Қылмыстық кодекстің 190-бабы 2-бөлігінің 4-тармағына сәйкес, ақпараттық жүйені пайдаланушыны алдау немесе сенімін теріс пайдалану арқылы жасалған алаяқтық 4 жылға дейін бас бостандығынан айыруға айыппұл (4 мың АЕК немесе 11 млн теңге) салуды көздейді. Қылмыс топ құрамында не аса ірі мөлшерде жасалған жағдайда жаза 5 жылдан 10 жылға дейін бас бостандығынан айыруды құрайды, - деді ол.