Хромтауда дәмханада әдепсіз әрекет жасаған ер адам қамалды
Қоғамдық орында өзгелерге құрметсіздік танытқан азаматтың видеосы желіде қызу талқыланды. Полиция қандай шара қабылдады?
Ақтөбе облысының Хромтау қаласында дәмханалардың бірінде айналасындағыларға әдепсіз ишара көрсетіп, қоғамдық тәртіпті бұзған ер адам әкімшілік жауапкершілікке тартылды. Сот шешімімен оған 5 тәулікке әкімшілік қамаққа алу жазасы тағайындалды. Бұл туралы Ақтөбе облысы Полиция департаментінің баспасөз қызметі хабарлады.
Оқиғаға қатысты бейнежазба әлеуметтік желілерде жарияланып, қолданушылар арасында қызу талқыланған.
Видеода ер адамның қоғамдық орында айналасындағыларға әдепсіз ишара көрсетіп, өзгелерге құрметсіздік танытқаны байқалады.
Әлеуметтік желілердегі жарияланымдарды зерделеген полиция қызметкерлері бейнежазбадағы азаматтың жеке басын анықтады. Оның әрекеті ұсақ бұзақылық ретінде сараланды. Іс материалдары сотқа жолданып, сот шешімімен құқық бұзушы 5 тәулікке әкімшілік қамаққа алынды, - деп хабарлады облыстық ПД баспасөз қызметі.
Полицияның мәліметінше, құқық қорғау органдары азаматтардың өтініштерімен қатар, әлеуметтік желілерде жарияланған материалдарға да тұрақты түрде мониторинг жүргізеді. Қоғамдық тәртіптің бұзылуына қатысты әрбір дерек назарға алынып, құқық бұзушылықтарға заң аясында тиісті баға беріледі.
Полиция өкілдері бұл оқиға қоғамдық орындарда тәртіп сақтап, айналадағы адамдарға құрметпен қараудың маңызды екенін еске салады.
Тағы оқи отырыңыз: TikTok үшін көлікпен тротуарға шыққан: Таразда 20 жастағы жүргізуші жазаланды