"Happy Life KZ" қаржылық пирамиданың әрекеті тоқтады
ҚМА Астана қаласы бойынша департаменті "Happy Life KZ" қаржылық пирамиданың әрекетін тоқтатты, деп хабарлайды BAQ.KZ.
Күдікті 2016 жылдан 2024 жылға дейін биологиялық белсенді қоспаларды сатамын деген желеумен салымшыларды тартып, оларға әр жаңа қатысушы үшін 10%-дан 300%-ға дейін табыс уәде еткені анықталды.
Салым сомасы маркетингтік стратегияға байланысты 7 500-ден 2 миллион теңгеге дейін өзгеріп отырған.
Тартылған қаражаттың жалпы сомасы 286 миллион теңгеден асқан.
Нәтижесінде күдікті қаржылық пирамидаға 35 адамды тартқан.
Барлық зардап шеккендер – жеңіл табыс туралы құрғақ уәдеге сеніп қалған зейнеткерлер екенін атап өту керек, олар өз жинақтарының басқа салымшылар арасында ақша бөлу схемасының бір бөлігіне айналатынын сезбеген.
Қаржылық тергеу жүргізу барысында күдікті заңсыз жолмен алынған қаражатқа элиталық тұрғын үй кешенінен 36 миллион теңге тұратын пәтер сатып алғаны анықталды.
Соттың санкциясымен аталған пәтерге тыйым салынды.
Сот күдіктіге "ешқайда кетпеу және тиісті мінез-құлқы туралы қолхат" түріндегі бұлтартпау шарасын таңдады.
Сотқа дейінгі тергеу жалғасуда.
ҚР ҚІЖК-нің 201-бабы бойынша, тергеу мүддесі үшін өзге ақпарат жариялауға жатпайды.