19 Қараша 2026, 13:04 Фото: Ақорда

Халықаралық беделі биік, экономикалық әлеуеті зор, болашағы жарқын ел – Президент Тәуелсіздіктің 35 жылдық белесі туралы

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев III Стратегиялық серіктестер форумында сөз сөйледі. Бұл туралы Ақорданың баспасөз қызметі хабарлады. 

«Жер жүзінің ең зияткер тұлғаларын ортақ мүддеге жұмылдырған бұл алқалы жиын еліміз үшін тарихи сәтте өтіп жатыр. Биыл Қазақстанның дербес мемлекет болғанына – 35 жыл. Еліміз қасиетті Тәуелсіздігіміздің мерейлі межесіне халықаралық беделі биік, экономикалық әлеуеті зор, болашағы жарқын ел, сондай-ақ аймақта көш бастап тұрған және дүние жүзінде жаппай мойындалған озық мемлекет ретінде жетіп отыр. Халқымыз осы жылдар ішінде көптеген белесті табысты еңсерді. Біртұтас жұртымыздың бірлігі күшейіп, мемлекеттігіміз нығайды. Осылайша, Ұлы даладағы бірегей өркениетіміз қайта жаңғырды. Соңғы жеті жыл ішінде Қазақстанда ауқымды реформалар жүзеге асырылды. Бұл да – тарихымызда бұрын-соңды болмаған оқиға. Аталған өзгерістер тұтас халқымыздың өміріне, бүкіл қоғамның болмысына оң ықпал етуде десек, артық болмас», - деді Қасым-Жомарт Тоқаев. 

Айта кетейік, бұған дейін Президент қазіргі бұлыңғыр заманда ғалымдардың халықаралық шиеленістердің азаюына қосатын үлесі өте маңызды екенін айтты. 

Сондай-ақ, Қасым-Жомарт Тоқаев ғылым – барша адамзатқа ортақ игілік екеніне тоқталды.