Ғылыми жобаға бөлінген миллиондар: Астанада грант қаражатын жымқыру схемасы анықталды
Өсімдік майларын қайта өңдеу өндірісін ұйымдастыруға бөлінген мемлекеттік грант қаражатының 297 млн теңгеден астамы мақсатсыз пайдаланылған.
Астанада ғылыми жобаларды коммерцияландыруға арналған мемлекеттік грант қаражатын жымқыру дерегі анықталды. Жоба аясында өсімдік майларын қайта өңдеу және тазарту өндірісін ұйымдастыру жоспарланғанымен, іс жүзінде талапқа сай жабдықтар сатып алынбаған. Бұл туралы Қазақстан Республикасы Қаржылық мониторинг агенттігінің баспасөз қызметі мәлімдеді, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
ҚМА Астана қаласы бойынша департаменті ғылыми әзірлемелерді коммерцияландыруға арналған мемлекеттік грант қаражатын жымқыру схемасын анықтады.
Іс материалдарына сәйкес, 2023 жылы жеке кәсіпкер «Ғылым қоры» акционерлік қоғамынан «Өсімдік майларын қайта өңдеу және тазарту өндірісін ұйымдастыру» жобасын жүзеге асыру үшін жалпы қаржыландыру көлемі 350 млн теңгеге дейінгі грант алған.
Алайда бөлінген қаражат жабдықтар, шикізат, маркетингтік қызметтер және басқа да тауарлар үшін төлем жасау деген желеумен кәсіпкердің бақылауындағы компаниялардың шоттарына аударылып отырған, - делінген ҚМА хабарламасында.
Атап айтқанда, жобада көзделген дат баспайтын болаттан жасалған үш өндірістік желінің орнына техникалық талаптарға сәйкес келмейтін, көміртекті болаттан жасалған екі қондырғы ғана сатып алынған. Нәтижесінде дайын өнім өндірілмеген және сатылмаған. Мемлекетке келтірілген залал 297 млн теңгеден асты.
Тергеу мәліметінше, жымқырылған қаражат пайдаланылған өсімдік майын жеткізуге ақы төлеу деген желеумен өзара байланысты екі компанияның шотына аударылған. Кейін ақшаның бір бөлігі жеке кәсіпкердің шоттарына қайтарылып, жобаға салынған жеке қаражат ретінде рәсімделген. Ал қаражаттың тағы бір бөлігі автокөліктерді лизингке алу шарттары бойынша бастапқы жарналарды төлеуге жұмсалған.
Сонымен қатар жобаның іске асырылуын бақылауға жауапты «Ұлттық мемлекеттік ғылыми-техникалық сараптама орталығы» АҚ қызметкерінің де заңсыз әрекеті анықталған. Ол 1,7 млн теңге көлемінде заңсыз сыйақы алып, анықталған заңбұзушылықтарды тексеру актілерінде көрсетпеген. Сондай-ақ жобаны қаржыландыруды жалғастыруға ұсыным берген, - деп хабарлады ҚМА.
Қазіргі уақытта екі күдікті қамауға алынды. Сот санкциясымен алты автокөлікке, пәтерге және жабдықтарға тыйым салынды.
Тергеу жалғасып жатыр. Қазақстан Республикасы Қылмыстық-процестік кодексінің 201-бабына сәйкес, тергеу мүддесіне байланысты өзге мәліметтер жария етілмейді.
Тағы оқи отырыңыз: Ғылыми жобаға бөлінген 1 млрд теңгеге жуық қаржы жоғалды: «Bal halal» басшысы қамауға алынды